Спортшы 17 қыркүйекте АҚШ-тағы ауруханадан Instagram парақшасында видео жариялап, қазір кешенді ем алып жатқанын жеткізді.
«Міне, қазір ем қабылдауды бастадым. Тек тамырға дәрі құю емес, толыққанды кешенді ем. Меніңше, бәрі жақсы болады. Сондықтан біреуді ренжітіп қойған болсам немесе артық сөздер айтсам, оған мән бермеңіздер. Кім қателеспейді? Менің жаман әдетім – эфирге шығу. Бірақ енді олай болмайды деп ойлаймын. Өйткені бұл дерттен арылуға шындап кірістім. Жақында қатарға қосыламын. Бұрынғы көңілді, бақытты Данияр қайта оралады», – деді ол.
Айта кетейік, 9 шілдеде Данияр Елеусіновтің Астанада көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасына түскені белгілі болды. Әкімшілік істі қараған сот оны кінәлі деп танып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға және көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айыруға үкім шығарды. Кейін полиция спортшының көлік жүргізген сәтіндегі оқиғаның видеосын жариялады. Осы жағдайдан кейін Елеусінов алкогольге қатысты мәселесі бар екенін ашық айтқан. Оның сөзінше, алкогольге әуестік 2016 жылғы Олимпиададағы жеңісінен кейін басталып, уақыт өте тәуелділікке ұласқан.