24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметшіні теңіз алып кеткен.
«24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа-райының күрт нашарлауы және желдің күшеюіне байланысты әскери қызметшілерді теңізге алып кеткенін ауыр күрсініспен хабарлаймыз», – делінген министрлік хабарламасында.
Алдын ала мәлімет бойынша, теңізге кеткен 19 әскери қызметшінің тоғызы қаза тапқан. Үш әскери қызметші құтқарылған, олардың біреуі ауруханаға жатқызылған. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
«Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды», – деп хабарлады ведомство.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен министрлік комиссиясы шұғыл аттанған.
«Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза болғандардың отбасыларына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетіледі», – делінген хабарламада.
Министрлік іздестіру жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат деректер түсуіне және расталуына қарай берілетінін мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың тек ресми ақпаратына сүйенуді сұраймыз», – деп ескертті ведомство.