Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеосында айтып берді. Оның сөзінше, бастапқыда ақша қажет болғандықтан көлігін сатуды жоспарлаған. Кейін інісімен бірге көлікпен жүріп келе жатқанда ойын өзгерткен.
«Ақша керек болып, көлікті сатамын деп ойлаған кезде, інім екеуміз екі “геликке” отырып, айдап бара жаттық. Сол кезде көліктің оған қалай жарасып тұрғанын көрдім. Құдайдан: “Егер маған қазір керек ақшамды басқа жолмен табуға мүмкіндік берсең, ініме осы көлікті сыйлаймын”, – деп сұрадым», – деді ол.
Тоқтардың айтуынша, келесі күні бірнеше жобамен келісімге келіп, қажетті қаржы басқа жолмен табылған.
«Келісім ғой, бірден орындалды. Ақша аспаннан жаумайды. Бірақ ертесіне бірнеше жобамен келісімге келіп, ақша өзі-ақ келді. Құдай “мен келісімді орындадым, енді сен орында” деді ғой», – деді жекпе-жек шебері.
Ол інісі Әділдің жұмысына осы уақытқа дейін көмектесіп жүргенін де атап өтті. Сондықтан көлікті сатпай, оған сыйлауды жөн көрген.
«Жұмысымның бәрін бастан-аяқ інім жүргізіп жүр. Осы уақытқа дейін “менің айлығым қанша?” деген сұрақ қойған жоқ. Сол үшін “геликті” сыйлаймын. Құтты болсын», – деді Еркебұлан Тоқтар.