Қазақстанда Абай есімін 18 961 адам иеленген.
Абай есімді тұрғындар саны бойынша Астана көш бастап тұр. Елордада 2 186 адамға Абай есімі берілген. Екінші орында – Түркістан облысы, мұнда 2 008 Абай бар. Үшінші орында Алматы қаласы тұр. Мұнда Абай есімді 1 740 адам тіркелген.
Абай есімі сәбилерге де қойылып жүр
Ұлы ақынның есімі бүгінде де жаңа туған балаларға беріліп келеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында 91 сәбиге Абай есімі қойылған.
Бұл есім дәстүрлі түрде ер адамдарға қойылғанымен, Қазақстанда Абай есімді тоғыз әйел де бар.
Абай есімі елді мекендерге де берілген
Абай есімі тек адам аттарында ғана емес, Қазақстан картасында да кездеседі. Ақынның құрметіне бір облыс, бір қала, үш аудан және 26 ауыл аталған.
Сонымен қатар Қазақстанда Ибраһим есімді 37 844 адам тұрады. Олардың арасында Ибрагим және Ибрахим нұсқаларымен тіркелгендер де бар.
Айта кетейік, 10 тамызда Қазақстанда Абай күні аталып өтеді. Биыл қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ақын, ағартушы әрі композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толып отыр.