Алдағы күндері Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ауа райы әртүрлі болады. Елордада жаңбыр жауып, күн салқындаса, Алматы мен Шымкентте күн жылынады. Синоптиктердің болжамынша, үш қалада ауа температурасы +7-ден +25 градусқа дейін өзгереді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Астанада 6 қарашада құбылмалы бұлтты ауа райы сақталып, аздап жаңбыр жауады. Күндіз ауа температурасы +10...+12 градус болады.
7 қарашада да жаңбыр жауып, аспанды бұлт торлайды. Ауа температурасы +7...+9 градусқа дейін төмендейді. 8 қарашада да күн райы айтарлықтай өзгермейді. Аздаған жаңбыр жауып, ауа температурасы +7...+9 градус шамасында болады.
Алматыда 6 қарашада жауын-шашын күтілмейді. Аспанды ара-тұра бұлт торлағанымен, күндіз ауа температурасы +15...+17 градусқа дейін көтеріледі.
7 қарашада қалада +17...+19 градус жылы болады. Ал 8 қарашада алматылықтарды одан да жылы ауа райы күтіп тұр. Синоптиктер ауа температурасы +19...+21 градусқа дейін көтеріледі деп болжайды.
Шымкентте 6 қарашада күн бұлтты болып, жаңбыр жауады. Соған қарамастан ауа температурасы +21...+23 градус шамасында болады.
7 қарашада да жаңбыр жауып, күндізгі температура +21...+23 градус деңгейінде сақталады. Ал 8 қарашада жауын-шашын тоқтап, күн +23...+25 градусқа дейін жылынады.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» 5 қарашада еліміздің басым бөлігінде дауылды ескерту жариялаған. Батыс өңірлерде қатты жаңбыр жауып, желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін. Ақтауда найзағай ойнап, Алматы облысының солтүстігінде түнде ауа температурасы -3 градусқа дейін төмендейді деп болжанған.