Мәскеуге бағыт алған екі жолаушылар ұшағы әуежайлардың жабылуына байланысты Қазақстанға қонуға мәжбүр болды. Ұшақтар Ақтөбе әуежайына келіп қонды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ақтөбе тұрғындары қала әуежайына Бахрейннің Gulf Air әуе компаниясына тиесілі ұшақтың қонғанын байқаған. Белгілі болғандай, әуе кемесі Мәскеуге бағыт алған.
Бұл ақпаратты Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайдың басқарма төрағасы Дастан Мәлиев растады.
«Иә, бізге Бахрейннен Мәскеуге бағыт алған ұшақ қонады. Сондай-ақ Ереван – Мәскеу рейсі де қонды. Бұған Мәскеу әуежайларының жабылуы себеп болды. Әуежайлар қайта ашылған соң ұшақтар сапарын жалғастырады», – деді ол «Диапазон» басылымына.
10 қараша күні кешке Мәскеу облысында ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуыл жасау қаупіне байланысты дабыл жарияланған. Осыған орай Ресейдің Федералды әуе көлігі агенттігі Внуково әуежайына шектеу енгізген. Әуежай ұшақтарды тек арнайы келісіммен қабылдап, ұшыруға мәжбүр болған.
MSK1.RU мәліметінше, сол уақытта Внуково әуежайында шамамен 20 рейс кешіккен.
Айта кетейік, бұған дейін де Мәскеу әуежайларының жабылуы Қазақстаннан қатынайтын рейстерге әсер еткен. Қазан айында SCAT әуе компаниясының Астанадан Түркияға ұшатын рейсі бірнеше сағатқа кешіккен. Себебі жолаушыларды тасымалдауы тиіс ұшақ Мәскеудегі Внуково әуежайында қалып қойған еді.