Қазақстан азаматы Грузиядан елге экстрадицияланды. Ол медициналық жабдықтарды отандық өнім ретінде өткізіп, мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам шығын келтірді деген күдікке ілінген. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің көмегімен күдіктіні елге қайтарған.
Тергеу мәліметінше, күдікті мемлекеттік медициналық ұйымдардың жабдық сатып алу жөніндегі тендерлеріне қатысу үшін отандық тауар өндіруші мәртебесін заңсыз иелену схемасын ұйымдастырған.
Ол медициналық техниканы Қазақстанда өндіретіні туралы мемлекеттік органдарға жалған мәлімет берген. Алайда іс жүзінде өнім шетелден әкелінген бөлшектерден құрастырылған.
Осылайша, шетелдік жинақтаушы бөлшектерден жасалған медициналық жабдықтар мемлекеттік медициналық ұйымдарға отандық өнім ретінде сатылған. Соның салдарынан мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам залал келген.
Қылмыстан кейін күдікті тергеу органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл наурызда ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Оған тағылған айыптар дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бас прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері Грузиядан Қазақстанға іздеуде жүрген жеті адам экстрадицияланған. Олардың бесеуі мүлікті жымқыру деректері бойынша іздеуде болған.
Іс OrdaMed компаниясына қатысты болуы мүмкін
Ulysmedia.kz басылымының жазуынша, 4,5 млрд теңге көлеміндегі залалға қатысты іс OrdaMed компаниясына байланысты болуы мүмкін.
Биыл қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті компания басшылығына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған. Тергеу нұсқасы бойынша, кәсіпорын жалған құжаттарды пайдаланып, медициналық техниканың 28 түрін жеткізу кезінде жеңілдіктерге заңсыз қол жеткізген. Ал дайын өнімдер шетелден әкелінген.
Ол кезде мемлекетке келтірілген шығын 4,5 млрд теңгеге бағаланған. Тінту кезінде құқық қорғау органдары құны 1 млрд теңгеден асатын инвестициялық монеталарды тәркілеген. Сонымен қатар OrdaMed, Interdentica және Erkin Brand компанияларындағы үлестерге тыйым салынған.
Бұл іс бойынша компанияның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндіріс басқармасының басшысы қамауға алынған.
29 қаңтарда OrdaMed басқарма төрағасы Еркін Длімбетовке ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі іздеу жариялаған. Іздеу туралы ақпарат құқықтық статистика порталында жарияланған.
Бас прокуратура Грузиядан экстрадицияланған күдіктінің әзірге аты-жөнін ашық жарияламаған.