«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен өзге де күдіктілер сыбайлас жемқорлық ісіне байланысты ұсталды. Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 23 қарашада ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма мүшесі Қ. Омарбековті және басқа да адамдарды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
"Олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді", - делінген хабарламада.
ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Осы оқиғалардан кейін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының басқарма құрамында да өзгерістер болды.
2026 жылғы 24 қарашада директорлар кеңесінің шешімімен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Қазір компанияның басқарма төрағасы – Мейіржан Юсупов. Бұған дейін басқарма құрамында алты адам болған. Алайда компанияның ресми сайтындағы ақпарат жаңартылып, Байгужин мен Омарбеков туралы мәліметтер алынып тасталған.
Айта кетейік, «Қазатомөнеркәсіп» – уран өндіру және экспорттау саласындағы әлемдегі ірі компаниялардың бірі. Оның 62,99 пайызы «Самұрық-Қазына» қорына, 12,01 пайызы ҚР Қаржы министрлігіне тиесілі. Қалған 25 пайызы еркін айналымда.
«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары да ұсталған
Бұған дейін, 12 қарашада ҰҚК қызметкерлері «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұстағалғанын хабарлады.
Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде Астанадағы Қонаев көшесінде орналасқан Atlant тұрғын үй кешенінің маңында аспаннан доллар жауғаны бейнеленген видео жарияланды. Тұрғындардың айтуынша, ақша тұрғын үйдің 12-қабатынан шашылған. Ал куәгерлердің бірі ішінде ақша болған сегіз сөмкені көргенін мәлімдеген.
Дегенмен, ҰҚК доллар шашылған оқиғаның ұсталған басшыларға қатысы бар екенін ресми түрде растаған жоқ.
18 қарашада комитет Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтің 12 қарашада уақытша ұстау изоляторына қамалғанын, ал 14 қарашада тергеу сотының санкциясымен қамауға алынғанын хабарлады.