Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша тергеу жалғасуда, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Тергеушілер оқиға орнын тексеріп, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алған. Құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, 12 сараптама тағайындалды.
Алдын ала мәлімет бойынша, қауіпсіздік шараларын тиісті деңгейде қамтамасыз етпеген және құтқару жұмыстарын дұрыс ұйымдастырмаған лауазымды тұлғалар анықталған. Олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Каспийдегі қайғылы оқиға
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілердің бір тобы теңізге батып кеткен.
Нақтылаған мәлімет бойынша, суға 17 адам түскен. Оның 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды, тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиғадан кейін тергеу басталды. Іс ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша тергеліп жатыр.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.
Кейінірек Маңғыстауда қаза тапқан 12 әскери қызметшінің аты-жөні жарияланды.