Польшада Краков қаласының орталығында оқ атып, алты адамның өліміне себеп болған 24 жастағы күдікті ауруханада көз жұмды. Сондай-ақ полиция оның үйінен ата-анасы мен 21 жастағы қарындасының мәйітін тапқан, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға 7 қарашада болған. Алдын ала мәлімет бойынша, әскери киім киген ер адам көлігімен Краковтың орталық алаңына келіп, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарға оқ жаудырған.
Атыс салдарынан алты адам қаза тауып, тағы 15 адам жарақат алған. Марқұмдардың арасында төрт Польша азаматы, Ұлыбритания азаматы және Австрия азаматы бар. Жараланғандардың арасында екі полиция қызметкері де болған.
Күдіктіні ұстау кезінде полиция қызметкерлері оған оқ атқан. Ауыр жараланған 24 жастағы Михал Оксиньский ауруханаға жеткізіліп, бірнеше рет ота жасалған. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Ол 9 қараша күні таңғы сағат 4:30 шамасында қайтыс болған.
Бұған дейін полиция күдіктінің Островец-Свентокшиский қаласындағы үйінен тағы үш адамның мәйітін тапқан. Олар күдіктінің 53 жастағы әкесі, 52 жастағы анасы және 21 жастағы қарындасы болып шықты. Олардың денесінен оқ жарақаттары анықталған.
Қазір тергеу екі оқиғаның да мән-жайын анықтап жатыр. Бастапқыда күдіктінің әсіре оңшыл идеологияны ұстанғаны айтылғанымен, прокуратура оның нақты әрекет ету себебі әзірге анықталмағанын мәлімдеді.
Польша билігі бұл оқиғаны террорлық сипаттағы қылмыс ретінде тергеп жатыр.Президент Кароль Навроцкийдің шешімімен 8 және 9 қараша күндері елде ұлттық аза тұту жарияланды. Краковта аза тұту 11 қарашаға дейін жалғасады.