АҚШ-тың NVIDIA корпорациясының бас директоры Дженсен Хуангтың тағы бір әйелмен көңіл қосқаны туралы ақпарат тарады. Бұл жолы оның компаниядағы тікелей қарамағында жұмыс істейтін қызметкермен қарым-қатынаста болғаны айтылды, деп хабарлайды buginmedia.kz The New York Times басылымына сілтеме жасап.
Басылымның бұрынғы қызметкерлерге сілтеме жасап жазуынша, 63 жастағы Дженсен Хуанг пен 48 жастағы компанияның денсаулық сақтау бағыты бойынша вице-президенті Кимберли Пауэллдің арасында романтикалық байланыс болған.
Екеуі де басқа адамдармен некеде. Ақпарат көздерінің айтуынша, 2026 жылғы наурызда NVIDIA-ның жыл сайынғы конференциясы кезінде олар Сан-Хоседегі қонақүйлердің бірінде бірге болған. Сол сәтте олардың жақын қарым-қатынасын байқап қалған адам телефонға видео түсірген.
Алайда компания басшысының күзет қызметі оны байқап, жеке бөлмеге апарған. Кейін одан болған оқиға туралы ешкімге жарияламау жөніндегі келісімге қол қоюды сұраған.
Кимберли Пауэлл NVIDIA компаниясында 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ол вице-президент қызметіне дейін көтерілген.
Бұл – қараша айының басынан бері Дженсен Хуангтың атына қатысты екінші жанжал.
Бұған дейін Financial Times басылымы NVIDIA басшысын Megaspeed компаниясының жетекшісі Элис Хуангпен жақын қарым-қатынаста болды деп жазған еді. Басылым дереккөздері олардың байланысы іскерлік қатынастан да жақын болғанын мәлімдеген.
Осы ақпараттан кейін Дженсен Хуанг компания қызметкерлеріне үндеу жасап, әйеліне опасыздық жасағанын мойындаған. Ол жұбайы мен балаларына ауыртпалық түсіргені үшін кешірім сұрағанымен, қарым-қатынаста болған әйелдің кім екенін атамаған.
Дженсен Хуанг 1985 жылдан бері Лори Хуангпен некеде. Ерлі-зайыптының екі баласы бар.
Сонымен қатар NVIDIA директорлар кеңесі компания басшысына қатысты ықтимал барлау операциясы туралы ақпаратты тексеру үшін тәуелсіз тергеу бастаған. Тексеруге сыртқы заңгерлер де тартылмақ.