Ұлыбританияда Кашим Чоудхури есімді 56 жастағы ер адам бір уақытта бес мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп, бірнеше жыл бойы әрқайсысынан толық жалақы алып келген. Ол іс жүзінде міндеттерін орындамай, мемлекеттен 349 мың фунт стерлингтен астам (шамамен 210 миллион теңге) заңсыз табыс тапқан. Енді оған түрме жазасы тағайындалуы мүмкін, деп хабарлайды buginmedia.kz.
BBC мәліметінше, ер адам COVID-19 пандемиясынан кейін қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін пайдаланып, бірнеше мемлекеттік мекемеге қатар жұмысқа орналасқан. 2020 жылдан бастап ол мемлекеттік қызметте барлығы сегіз түрлі лауазым атқарған. Ал 2023 жылы бес мекемеде бір мезгілде толық жұмыс күнімен еңбек еткен.
Олардың қатарында Ұлыбританияның Қоршаған орта, азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігі, Денсаулық сақтау қауіпсіздігі агенттігі, Кәсіпкерлік және сауда министрлігі, Азық-түлік стандарттары агенттігі мен Ішкі істер министрлігі болған.
Құжаттар бойынша, оның апталық жұмыс уақыты 183 сағатты құраған. Бұл бір аптадағы 168 сағаттан да көп. Осылайша, ол бірнеше мекемеден қатар жалақы алып отырған.
Алаяқтық қалай әшкереленді?
Кашим Чоудхури жұмыс берушілеріне анасына күтім жасау қажет екенін айтып, үйден жұмыс істеуге рұқсат алған. Онлайн жиналыстар кезінде камерасын қоспай, техникалық ақауларды сылтауратқан. Ал күдік туындаған кезде ұзақ уақытқа еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеген.
2023 жылдың наурызында ол төрт мекемеде бірдей науқастанып, еңбек демалысында болғанымен, бесінші мекемедегі жұмысын жалғастырған.
Оның өтірігі бір онлайн кездесуде әшкереленген. Денсаулық сақтау агенттігіндегі басшысы онымен бейнебайланыс арқылы сөйлескен кезде ер адам өзін қатты ауырып жүргендей көрсетіп, жиі жөтелген.
Тіпті өңін бозартып көрсету үшін бетіне арнайы грим жаққан. Алайда терлеген кезде бояуы ағып, басшысы мұны байқап қалған. Бұған қоса, ер адам жиналысқа басқа министрлікке тіркелген электрондық пошта арқылы қосылып кеткен.
Осы оқиғадан кейін оның бірнеше мекемеде қатар жұмыс істегені анықталып, 2023 жылдың шілдесінде ұсталған.
Сот 9 қарашада оны алаяқтыққа қатысты тоғыз бап бойынша кінәлі деп таныған. Алайда жаза түрі әлі жарияланған жоқ. Прокуратура заңсыз алынған ақшаны мемлекетке қайтаруды талап етпек. Үкім 2027 жылғы 29 қаңтарда жариялануы тиіс.