Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Грузиядан Өзбекстан азаматын экстрадициялады. Ол ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысып, жеңгетайлықпен айналысты деген күдікке ілінген, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, әйел ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелерімен бірге жезөкшелікпен айналысатын және сексуалдық сипаттағы қызмет көрсететін адамдардың сауалнамаларын «Kyzdar.net» интернет-сайтында жарнамалаумен айналысқан.
Атап айтқанда, олар сайттағы сауалнамаларды толықтыруға өтінімдер қабылдап, ақылы қызметтерді ілгерілеткен. Түскен қаражаттан комиссиялық сыйақы ұстап қалып, қалған ақшаны сайт әкімшілеріне аударып отырған. Осылайша, заңсыз схеманың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз еткен.
Қылмыстық топтың бірнеше мүшесі бұған дейін сотталып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал күдікті әйел мен топтың басқа да мүшелері тергеуден бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.
Биыл шілдеде әйел Грузия аумағында ұсталған. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауынан кейін ол елге экстрадицияланды.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар бойынша мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.