Қазақстанда ғылым саласына бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізілген аудиттен кейін бірқатар лауазымды тұлға қызметінен кетті. Олардың қатарында Ғылым комитетінің төрағасы, Ұлттық сараптама орталығының басшысы және Ғылым қорының жетекшісі бар, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Құрылтайда өткен баспасөз мәслихатында Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов аудит нәтижелерін жариялады.
Оның айтуынша, тексеру барысында 51 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталған. Оның 37,7 млрд теңгесі аудит кезінде қалпына келтірілген. Қалған қаражатты 2027 жылдың бірінші тоқсанында қайтару жоспарланып отыр.
Аудит қорытындысы бойынша екі адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, төрт лауазымды тұлға қызметінен босатылған. Тағы 32 адамға қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қаралған.
Сонымен қатар аудит материалдарының үш дерегі процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, қызметінен босатылғандардың қатарында Ғылым комитетінің төрағасы, Ұлттық сараптама және ғылыми-техникалық ақпарат орталығының басшысы мен Ғылым қорының жетекшісі бар.
Министр ғылыми процестерге жауапты өзге де тұлғаларға қатысты кадрлық шешімдер қабылданғанын айтты.