«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов Жаңаөзенде мұнай саласы қызметкерлерінің ұсталуына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары ұлттық компанияның кәсіпорындарына басып кірмеген, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Журналистер Асхат Хасеновтен Жаңаөзендегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы операциясы және мұнай компаниялары басшыларының ұсталғаны туралы ақпаратқа түсініктеме беруді сұраған.
«Мен білмеймін, бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Бізге ешкім басып кірген жоқ. Біздің еншілес компанияларымызға да ешкім басып кірген жоқ», – деді ол.
Қылмыстық іс туралы сұраққа компанияда мұндай ақпарат жоқ екенін айтып, бұл мәселе құқық қорғау органдарының құзыретіне жататынын жеткізді.
Жаңаөзенде не болған?
Еске салайық, қазанда Жаңаөзенде ҰҚК мен Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің арнайы операция жүргізгені туралы ақпарат тараған. Ұсталғандар қатарында «Jana Oil Service» (бұрынғы «Кезби») мұнай сервистік компаниясы мен «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылары болуы мүмкін деген мәлімет жарияланған.
Бұған дейін тараған болжам бойынша, күдіктілер мұнайшыларды жаппай наразылыққа итермелеп, тапсырыс беруші «Өзенмұнайгаздан» қосымша қаржы алуға әрекеттенген болуы мүмкін.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұған дейін аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растаған. Алайда тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтерді жарияламаған.
«ҚазМұнайГаз» бұған дейін «Өзенмұнайгаз» басқарма мүшелерінің ешқайсысы ұсталмағанын мәлімдеген.