Психолог Ақмарал Орынбаеваға оқырманы хат жолдап, отбасында болған қиын жағдайды баяндаған. Төрт баланың анасы күйеуі басқа әйелмен араласа бастағаннан кейін мінезі күрт өзгеріп, отбасынан алыстап кеткенін айтады. Тіпті ерлі-зайыпты ажырасудың аз-ақ алдында қалған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Хат авторының айтуынша, жолдасымен бір-бірін сүйіп қосылған. Екеуі төрт баланы тәрбиелеп, тату-тәтті өмір сүрген. Алайда күйеуі бір таныс әйелмен ортақ кәсіп бастағаннан кейін отбасындағы жағдай күрт өзгерген.
«Бір айдың ішінде 15 келі салмақ тастады. Көзінің реңі солды. Балаларына деген ықыласы жоғалып, екеуміздің арамыз суып кетті. Бұрын дауыс көтермейтін адаммен жиі ұрыса бастадық. Бір күні киімдерін жинап, ажырасамын деп үйден кетіп қалды», – деп жазған әйел.
Осы жағдайдан кейін әйел күйеуінің туыстарын шақырып, мән-жайды түсіндірген. Оның айтуынша, кейін әлгі таныс әйел күйеуіне дуа жасатқанын, тіпті оған етеккір қанын ішкізгенін жасырмаған.
Хат авторы үйді тазалау кезінде түрлі түйіншектер тапқанын да айтады. Сол кезеңде балалары да бірінен соң бірі ауыра бастаған. Осыдан кейін отбасы имамдарға жүгініп, күйеуіне Құран аяттарымен дем салдырған.
Әйелдің сөзінше, Шымкент жақтағы Құран оқитын адамға хабарласып, бір айдан астам уақыт сырттай Құран оқытқан. Осыдан кейін күйеуінің жағдайы біртіндеп жақсарғанымен, ерлі-зайыптының қарым-қатынасы бірден қалпына келмеген.
Арада біраз уақыт өткенде күйеуі өзіне қол жұмсамақ болған. Оны дер кезінде байқаған қайын әпкесі аман алып қалған. Осы оқиғадан соң туыстары жиналып, үйде 15 күн бойы Құран оқытқан.
«Жүзі нұрланып, салмақ қосып, өзіне келе бастады. Бас-аяғы үш жыл дегенде күйеуім орнына келді. Қайын әпкеме рақмет, сол уақытта маған үлкен қолдау болды», – дейді хат авторы.
Әйелдің айтуынша, күйеуі отбасына қайта оралғаннан кейін намаз оқып, ішімдік пен темекіден бас тартқан. Қазір бес уақыт намазын оқып, отбасын асырап отыр. Бұрынғыдай табыс таппаса да, төрт баласымен бірге өмір сүріп жатыр.
Хат авторы осы жағдайдан кейін отбасын сақтап қалудың қаншалықты маңызды екенін түсінгенін айтады. Оның пікірінше, ерлі-зайыптының арасында түрлі қиындық болуы мүмкін. Сондықтан ажырасуға асықпай, мәселені бірге шешуге тырысу керек.
Әйел осы оқиғадан кейін дуа мен сиқырдың бар екеніне көзі жеткенін жазған.
"Әлгі әйел сол 15 күн құран оқытқанда көлік астына түсіп, лезде қайтыс болды", - деген хат авторы.