Ресейлік әнші Валерий Меладзе Алматыдағы концертінде көрермендер арасындағы төбелеске байланысты әнін тоқтатып, сахнадан кететінін мәлімдеді. Фан-аймақтағы екі әйелдің бір-бірін итеріп, жанжал шығаруы әншінің наразылығын тудырған. Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға 4 қарашада Almaty Arena-да өткен концерт кезінде болған. Threads желісіндегі куәгерлердің жазуынша, концерттің соңғы минуттарында артқы қатарда тұрған екі әйел сахнаға жақындау үшін алдыңғы қатардағы көрермендерді итере бастаған. Артынша олардың әрекеті жанжалға ұласқан.
Куәгерлердің бірі алдыңғы қатардан орын алу үшін кейбір көрермендер бірнеше сағат бойы кезек күткенін жазды. Алайда, кейін келген әйелдер оларды ығыстырып, жанжал шығарған.
Көрермендер арасындағы жағдайды байқаған Валерий Меладзе әнін тоқтатып, залға ескерту жасады.
«Бәрі күліп, ән айтып тұр. Жоқ, міндетті түрде осылай істеу керек пе? Бұл не масқара? Позор!» – деді әнші.
Ол жанжал жалғаса берсе, концертті тоқтататынын ескертіп, сахнадан кетуге де ыңғайланған. Алайда көрермендер әншіден өнерін жалғастыруды сұраған соң, ол концертті жалғастырды. Ал жанжалға қатысқан әйелдерді күзет қызметкерлері залдан шығарып жіберген.
Оқиға Threads желісінде де қызу талқыланды. Көпшілік көрермендердің әрекетін әдепсіздік деп бағалап, концерттің соңындағы жағдайға наразылық білдірген.
«Концерт керемет өтті, бірақ соңындағы жағдай ұят болды», «Әншінің алдында осылай ұятқа қалудың қажеті қанша?», «Адамдар концертке музыка тыңдап, демалуға келеді, жанжал шығаруға емес» деген пікірлер жазылған.
Айта кетейік, Валерий Меладзе Алматыда 3 және 4 қараша күндері концерт берген. Екінші кешке сұраныс жоғары болғандықтан, қосымша концерт ұйымдастырылған.