Telegram-да NEGE редакциясының ресми арнасын айна-қатесіз қайталайтын жалған канал пайда болды. Онда редакцияның жарияланымдары, безендірілуі және бекітілген жазбалары көшірілген. Тіпті жазылушылар саны да ресми арнамен бірдей, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Редакцияның мәліметінше, шамамен үш күн бұрын ресми Telegram-арнада күдікті белсенділік байқалған. Бір тәулікте арнаға боттарға ұқсайтын жүзден астам аккаунт қосылып, жарияланымдардың қаралымы да артқан.
Кейін жалған арнадан Азат Перуашев туралы жазба анықталған. Ол материал NEGE редакциясы тамыз айында жариялағандай етіп рәсімделген. Алайда редакция мұндай материалды дайындамағанын және жарияламағанын мәлімдеді. Бүгін жалған арнада осы тақырыпқа қатысты тағы бір жазба шыққан.
Редакция бұған дейін де Азат Перуашев туралы жалған ақпараттың Exclusive басылымын көшіретін сайт-клондар арқылы тарағанын атап өтті.
NEGE редакциясы аталған материалдарға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жарияланымдар Nege.kz сайтында, Nege.Aqsha және Nege.kz Telegram-арналарында, сондай-ақ TikTok, YouTube және Instagram-дағы ресми парақшаларында жарияланбаған.
Редакция оқырмандарды, әріптестерді және басқа да БАҚ өкілдерін NEGE материалдарына сілтеме жасамас бұрын арнаның нақты сілтемесі мен ақпараттың бастапқы дереккөзін тексеруге шақырды.
NEGE редакциясы жалған арнаны кім ашып, жүргізіп отырғанын анықтау және жалған ақпаратты редакция атынан таратуға құқықтық баға беру үшін құзырлы органдарға жүгінетінін хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін «Ақ жол» партиясының бұрынғы қызметкері Азат Перуашевты сексуалды қысым көрсетті деген хабарлама тарағанын жазған едік.