Маңғыстау облысында қатты желдің салдарынан ашық теңізге ағып кеткен үш адам құтқарылды. Олардың барлығы аман-есен жағаға жеткізілді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлауынша, оқиға өткен түні Түпқараған ауданындағы Каспий теңізінің жағалауында болған. Қатты желдің салдарынан үш адам отырған үрлемелі қайық жағадан алыстап, ашық теңізге қарай ағып кеткен.
Оқиға туралы хабар түскен бойда Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары іздеу жұмыстарына кірісті. Нәтижесінде олар теңізге ағып кеткен үш адамды тауып, жағаға жеткізді.
Құтқарылған азаматтарға медициналық көмек қажет болмаған.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды ауа райы қолайсыз кезде суға шықпауға және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлауынан 17 әскери қызметші теңізге түсіп кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Каспийде қаза тапқандардың арасында Қазақстан чемпионатының 20 жастағы жүлдегері болған.