1978 жылғы 25 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласының үстінде ірі авиациялық апат болды. Pacific Southwest Airlines әуе компаниясына тиесілі Boeing 727 жолаушылар ұшағы Cessna 172 оқу-жаттығу ұшағымен әуеде соқтығысқан. Қайғылы оқиғадан 144 адам көз жұмды. Олардың арасында ұшақтағы жолаушылар мен экипаж мүшелері, сондай-ақ жерде болған тұрғындар бар, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Апат болған күні PSA әуе компаниясының 182-рейсі Сакраментодан Сан-Диегоға бағыт алған. Ұшақ Лос-Анджелес арқылы ұшқан, бортында 128 жолаушы мен жеті экипаж мүшесі болған.
Осы уақытта Gibbs ұшу орталығына тиесілі шағын Cessna 172 ұшағы оқу-жаттығу рейсін орындап жүрген. Оның бортында нұсқаушы мен ұшқыш даярлығынан өтіп жатқан адам болған.
Екі ұшақ та Сан-Диегодағы Линдберг-Филд әуежайы маңында ұшып жүрген. Әуе диспетчерлері жолаушылар ұшағының экипажына жақын маңда шағын ұшақ бар екенін ескерткен. Boeing экипажы Cessna ұшағын көріп тұрғанын хабарлап, әуе кемелері арасындағы қауіпсіз қашықтықты өздері бақылауға рұқсат алған.
Алайда кейін жолаушылар ұшағы төмендей бастағанда, пилоттар шағын ұшақты көзден таса еткен. Олар Cessna артта қалды деп ойлап, қонуға дайындықты жалғастырған. Бірақ, диспетчерлерге ұшақты көрмей қалғанын хабарламаған.
1978 жылғы 25 қыркүйекте жергілікті уақыт бойынша сағат 09:01-де екі әуе кемесі әуеде соқтығысқан. Оқиға әуежайдан шамамен бес шақырым жерде, 790 метр биіктікте болған.
Соқтығыс салдарынан Cessna ұшағы қирап, Boeing 727 ұшағының оң қанаты қатты зақымданған. Жолаушылар лайнерінде өрт шығып, ұшақ басқару мүмкіндігін жоғалтқан. Ақырында екі ұшақ та Норт-Парк тұрғын ауданындағы үйлердің үстіне құлаған.
144 адам қаза тапты
Апат салдарынан Boeing ұшағындағы 135 адамның барлығы көз жұмды. Олардың қатарында 128 жолаушы мен жеті экипаж мүшесі болған. Оқу-жаттығу ұшағындағы екі адам да аман қалмады. Бұдан бөлек, жерде болған жеті тұрғын қаза тапқан.
Тағы тоғыз адам жарақат алды. Ұшақтардың құлауы мен одан кейінгі өрт салдарынан 22 тұрғын үй зақымданып, кейбірі толығымен қираған.
Апатқа не себеп болды?
Оқиғаны АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі (NTSB) тергеген. Тергеу қорытындысы бойынша апаттың негізгі себебі жолаушылар ұшағы экипажының әуе кемелері арасындағы визуалды бақылау талаптарын сақтамауымен байланысты болған.
Атап айтқанда, пилоттар Cessna ұшағын көрмей қалғанын диспетчерлерге хабарламаған. Сонымен қатар тергеу әуе қозғалысын басқару жүйесіндегі бірқатар кемшілікті анықтаған.
Соқтығысқа дейін диспетчерлік орталықта екі ұшақтың бағыты қауіпті түрде жақындағаны туралы ескерту сигналы іске қосылған. Алайда диспетчер Boeing экипажы шағын ұшақты әлі де көріп отыр деп ойлап, бұл ақпаратты әуежай диспетчерлеріне жеткізбеген.
Осы апаттан кейін АҚШ авиациялық қауіпсіздік ережелерін қайта қарауға кірісті. Әуе кемелерінің бір-біріне қауіпті жақындауын анықтайтын борттық жүйелерді әзірлеу мен енгізу жұмыстары да жеделдеді.
Сан-Диего үстіндегі бұл соқтығыс Калифорния тарихындағы адам шығыны ең көп авиациялық апат болып қалды.