Алдағы үш тәулікте Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Елдің бірқатар өңірінде жаңбыр мен қар жауып, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қатты жауын-шашын күтіледі, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, сондай-ақ таулы аудандарда көктайғақ болуы мүмкін. Республика бойынша жел күшейіп, шығыс өңірлерде жаяу бұрқасын соғады. Түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал.
Синоптиктердің болжамынша, кей күндері батыс, солтүстік және орталық өңірлерде жауын-шашын болмайды. Ал 13 қарашадан бастап оңтүстікте де күн ашылады.
Өңірлердегі ауа температурасы:
Батыста: түнде 2–9 градус жылы, күндіз 8–17 градус жылы болады.
Солтүстікте: түнде 2–10 градус аяз, күндіз 2 градус аяздан 5 градус жылыға дейін.
Орталық пен шығыста: түнде 5–15 градус аяз, күндіз 3 градус аяздан 5 градус жылыға дейін.
Оңтүстікте: түнде 1–8 градус аяз, күндіз 5–12 градус жылы болады.
Оңтүстік-шығыста: түнде 3–8 градус, таулы аудандарда 11–16 градус аяз күтіледі. Күндіз 2–10 градус жылы, таулы аймақтарда 1–6 градус аяз болады.