Спорт және туризм министрлігінің мәліметінше, заң бұзушылықтардың барлығы 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында тіркелген. Аккаунт иелері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылған.
Тізімге әлеуметтік желіде танымал бірқатар тұлға да енген. Олардың арасында әнші Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова, актриса әрі блогер Әсел Асқар, Аружан Әбілова, Aeka.Posh атымен танымал Айым Алтынбекова және Елдос Қадірханов бар.
Министрлік дерегіне сәйкес, Айдарбекова 196 600 теңге, ал Әсел Асқар, Аружан Әбілова, Елдос Қадірханов және Айым Алтынбекова 648 750 теңгеден айыппұл төлеген.
Бұдан бөлек, құқық бұзушылық жасаған аккаунттар қатарында @aidana_kelin, @elshinzhanerke, @nazzizaru, @saltanat.a.e.official және @nurekengooy_8 парақшалары көрсетілген.
Ең жоғары айыппұл «aitoli_aktau» аккаунтының иесіне салынған. Ол 525 АЕК көлемінде, яғни 2 064 300 теңге айыппұл төлеуге міндеттелген. Ең төменгі жаза мөлшері 50 АЕК – 196 600 теңге болды.
Ведомство лотерея өткізу үшін заң талаптарына сәйкес арнайы лицензия қажет екенін еске салды. Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов те заңсыз лотерея ұйымдастырушылар жауапкершілікке тартылатынын айтқан.
Сонымен қатар, заңсыз ойындардан келген шығын көлеміне қарай кейбір жағдайларда қосымша тексеру жүргізілуі мүмкін.
Заң бұзған аккаунттардың толық тізімі Спорт және туризм министрлігінің ресми сайтында жарияланған.