Алдын ала мәлімет бойынша, инспектор жанжал кезінде ер адамның соққысынан жарақат алған. Кейін алған жарақаттарынан көз жұмған. Жанжалдың нақты неден басталғаны әзірге белгісіз.
Полиция күдіктінің жеке басын анықтап, қазір оны іздестіріп жатыр. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Полиция не дейді?
Қызылорда облысының полиция департаменті марқұм инспектор мен күдіктінің бір-бірін бұрыннан танитынын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, учаскелік инспектор күдіктіні бұған дейін отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтары үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сонымен қатар оған қатысты қорғау нұсқамалары шығарылған.
– Марқұм учаскелік инспектор күдіктіні отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтары үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оған қатысты қорғау нұсқамалары да шығарылған, – деп хабарлады полиция.
Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша жағдайға құқықтық баға беріледі.
Полиция әзірге оқиғаға қатысты басқа ақпарат жариялаған жоқ.