Мәзір

Францияда жаңа толқу болуы мүмкін: Макрон қауіпсіздік кеңесін өткізіп жатыр

Францияда жаңа толқу болуы мүмкін: Макрон қауіпсіздік кеңесін өткізіп жатыр Францияда жаңа толқу болуы мүмкін: Макрон қауіпсіздік кеңесін өткізіп жатыр
ашық дереккөз

Францияда 24 қазанда жаппай тәртіпсіздіктер қайталануы мүмкін. Осыған байланысты президент Эммануэль Макрон 22 қазанда Елисей сарайында қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді, деп хабарлайды buginmedia.kz. Euronews басылымына сілтеме жасап.

Француз билігі алдағы сенбіде 17 қазандағы наразылықтан да ауқымды шерулер өтуі ықтимал деп есептейді. Сондықтан, құқық қорғау органдары қауіпсіздік шараларын күшейтуге дайындалып жатыр.

Билік өткен шерудің ауқымын болжай алмаған

22 қазандағы жиынға премьер-министр Себастьен Лекорню, министрлер мен қауіпсіздік органдарының өкілдері қатысты. Олар барлау қызметінің жұмысын, ықтимал қауіптерді болжау және қоғамдық тәртіпті сақтау жүйесін талқылады.

Франция билігі 17 қазандағы тәртіпсіздіктер кезінде жағдайды дұрыс бағаламағанын мойындады. Ішкі істер министрі Лоран Нуньестің айтуынша, бастапқыда шеруге шамамен 200 мың адам қатысады деп күтілген. Алайда наразылық білдірушілердің саны 550 мыңнан 800 мыңға дейін жеткен.

Сол күні ел аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 60 мың полиция қызметкері жұмылдырылды. Соған қарамастан, дүкендерді тонау, ғимараттарды бүлдіру және басқа да заңсыз әрекеттердің алдын алу мүмкін болмады.

24 қазандағы ықтимал шеруге байланысты полициямен бірге жандармерияның RAID, GIGN және BRI арнайы бөлімшелерін, сондай-ақ әскери қызметшілерді жұмылдыру көзделіп отыр.

Қалалар әкімдері қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етті

Премьер-министр Себастьен Лекорню тәртіпсіздіктерден зардап шеккен Париж, Лион және Марсель қалаларының әкімдерімен кездесуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін үш қаланың басшысы — Грегори Дусе, Эмманюэль Грегуар және Бенуа Паян бірлескен мақала жариялаған. Олар азаматтық наразылықтарға үйренгенімен, соңғы оқиғалар кезінде қалаларында қорғансыз қалғандай сезінгендерін айтқан.

Әкімдер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарау үшін тәуелсіз комиссия құруды ұсынды. Сонымен қатар бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге арналған жалпыұлттық төтенше жағдайлар қорын ашуға шақырды.

Тәртіпсіздіктердің шығыны 1,2 млрд еуроға жетуі мүмкін

Франциядағы наразылықтар қыркүйектің соңында жасөспірімдердің акцияларынан басталып, кейін қақтығыстарға ұласқан. 17 қазанда Парижді қоса алғанда, бірнеше қалада тәртіпсіздіктер болып, дүкендер тоналды, ғимараттар бүлініп, кейбір нысандарға өрт қойылды. Шерулер Лион, Марсель, Тулуза, Лилль, Страсбург, Лимож, Бордо және Гренобль қалаларында да өтті.

18 қазанда Эммануэль Макрон тәртіпсіздікке қатысқандар жауапқа тартылатынын мәлімдеді. Кейін Францияның бірқатар қаласында коменданттық сағат енгізіле бастады.

Қаржы сарапшыларының есебінше, тәртіпсіздіктерден келген шығын 1,2 млрд еуроға жетуі мүмкін. Билік енді ықтимал жаңа шерулер кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2