Әкімдік мәліметінше, қайғылы оқиға 28 шілде күні кешкі уақытта болған. Қазіргі уақытта полиция баланың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастап, оқиғаның нақты себептерін анықтап жатыр.
Өңір әкімдігінің хабарлауынша, орталықта тәрбиеленушілерге тәулік бойы күтім көрсетіледі. Медициналық бекеттер үздіксіз жұмыс істейді, ал медицина қызметкерлері мен мекеме басшылығы балалардың жағдайын күніне екі рет тексереді. Сондай-ақ орталықта педиатр мен невропатолог қызмет етеді.
«Күндіз баланың жағдайы қанағаттанарлық болды. Дене қызуы көтерілмеген, ешқандай шағым айтпаған. Белсенді болып, түскі асын ішіп, күндізгі ұйқыға жатқан», – деп хабарлады әкімдік.
Бұған дейін Қостанай облысы құқық қорғау орталығы жасөспірімнің қатты ыстықтың салдарынан жүрегі тоқтап қайтыс болғанын және мекемедегі бөлмелерде салқындатқыш болмағанын мәлімдеген еді.
Алайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Әр топ бөлмесінде ауа райына сәйкес жұмыс істейтін кондиционерлер орнатылған. Тәрбиеленушілер ауыз сумен толық қамтамасыз етілген, ал температуралық режим тұрақты бақылауда болды», – деп мәлімдеді орталық өкілдері.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысы Қостанай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бақылауына алынған.