Мәзір

«Әлі айтылмаған шындық көп»: Исматулла Мақсұмның құрбаны басынан өткен жайтты айтты

«Әлі айтылмаған шындық көп»: Исматулла Мақсұмның құрбаны басынан өткен жайтты айтты «Әлі айтылмаған шындық көп»: Исматулла Мақсұмның құрбаны басынан өткен жайтты айтты
Фото: видеодан алынды

Сопы Исматулла Мақсұмға қатысты мәлімдеме жасаған әйел өзінің бала кезінде басынан өткен ауыр жағдайларды баяндады. Оның айтуынша, кәмелетке толмаған шағында өз еркінен тыс тұрмысқа беріліп, ана атанған. Әйел сол кезеңде жүктіліктің қалай болатынын да білмегенін айтады. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

«Екінші рет мұндай жағдай болмауы үшін не істеуім керек?»

Әйелдің жазуынша, оны кәмелетке толмай жатып өз қалауынан тыс тұрмысқа берген. Ол кезде ер мен әйелдің жақындығынан бала пайда болатынын, етеккірдің тоқтауы жүктіліктің белгісі болуы мүмкін екенін білмеген.

Алғаш босанған сәтінде дәрігердің айтқан сөзі әлі күнге дейін есінде қалған.

«Толғатып жатқанда дәрігердің маған айтқан сөзі әлі есімде: "Жатуды білесің, енді тууды білмейсің бе?!". Ал менің оған қойған жалғыз сұрағым: "Екінші рет мұндай жағдай болмауы үшін не істеуім керек?"», – деп жазды ол.

Әйел сол кезде өзінің әлі кішкентай бала болғанын, тіпті жыныстық қатынастың мәнін түсінбегенін айтады. Дәрігердің сөзінен кейін екінші рет жүкті болып қалмау үшін қатты қорыққан. Түнде ұйықтамай, күндіз тамақ ішпей жүргенін жеткізді.

«"Бұлар менің тамағыма дәрі қосып жүр ме? Әлде мені дуалап тастаған ба? Неге есімді білмей қаламын?" деген сұрақтармен өмір сүрдім. Осылайша өмірімнің ең әдемі балалық шағы қорқыныш пен күдік ішінде өтті. Ойлаңыздаршы, мен ана атансам да, өзім әлі бала едім», – деп жазды ол.

«Мен одан да, оның жақтастарынан да қорықпаймын»

Әйел бұл оқиғаларды басынан өткен қорлықтың бір бөлігі ғана деп атап, Исматулла Мақсұм тақырыбына қатысты бұдан былай пікір білдірмейтінін мәлімдеді.

Сонымен бірге ол өзіне немесе жақындарына қатысты қорлау, қоқан-лоқы не қысым жасалған жағдайда заң аясында жауап беретінін ескертті.

«Қазақстан – заң бар, құқық бар, зайырлы мемлекет! Бұл Ауғанстан да, Пәкістан да емес! Айтарымды айттым. Ендігі жерде бұл тақырыпқа уақытымды да, энергиямды да жұмсағым келмейді», – деді ол.

Өз басынан өткен оқиғалар туралы кітап жазып жатыр

Әйелдің айтуынша, ол өз еркіндігі үшін жылдар бойы күрескен. Қазір өткен өмірінің тұтқыны емес екенін айтып, басынан өткен оқиғалар туралы кітап жазып жатқанын жеткізді.

«Әлі айтылмаған шындық көп. Қалғанының бәрін жазып жатқан кітабымда баяндаймын. Кітабымды күтіңіздер! Мен өткен өмірімнің тұтқыны емеспін. Мен еркінмін!» – деп жазды ол.

Еске салайық, бұған дейін де осы әйел Исматулла Мақсұмға қатысты өзіне қысым көрсетілгенін және кәмелетке толмаған кезінде өз еркінен тыс тұрмысқа берілгенін мәлімдеген болатын. Ал аталған тұлғаға қатысты кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасалды деген мәлімдемелерден кейін құқық қорғау органдары тергеу бастағаны хабарланған. Әйелдің әлеуметтік желідегі жазбасында айтылған жайттар әзірге оның жеке мәлімдемесі екенін ескерген жөн.

Исматулла Мақсұмға қатысты тергеу басталған

Еске салайық, бұған дейін Исматулла Мақсұмға қатысты кәмелетке толмағандарға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасады деген айыптаулар жарияланған болатын. Осы мәлімдемелерден кейін Ішкі істер министрлігі сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарының мүфтиятқа ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Қазіргі уақытта жарияланған айыптаулардың мән-жайы құқық қорғау органдары тарапынан тексеріліп жатыр.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2