Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлерге жұмысқа кешіккені немесе міндетін дұрыс орындамағаны үшін өз бетінше ақшалай айыппұл сала алмайды. Еңбек заңнамасында мұндай жаза қарастырылмаған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ескертті, деп хабарлайды buginmedia.kz.
ҚР Еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес, қызметкер еңбек тәртібін бұзған жағдайда жұмыс беруші оған мынадай тәртіптік жаза қолдана алады:
ескерту;
сөгіс;
қатаң сөгіс;
заңда көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу.
Заңда көрсетілмеген өзге тәртіптік жазаларды қолдануға жол берілмейді.
Жұмыс беруші қандай жағдайда жалақыдан ақша ұстай алады?
Мысалы, қызметкер жұмысқа 20 минут кешігіп келсе, жұмыс беруші оған өз бетінше 10 мың теңге айыппұл салып, бұл соманы жалақысынан ұстап қала алмайды. Мұндай жағдайда заңда белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолдануға құқылы.
Алайда жаза тағайындау үшін де белгілі бір талаптарды сақтау қажет. Жұмыс беруші алдымен қызметкерден жазбаша түсініктеме сұрауға міндетті. Тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдағанда тәртіп бұзушылықтың сипаты, ауырлығы және оның қандай жағдайда болғаны ескерілуі керек.
Министрлік заңсыз ақшалай айыппұл мен жалақыдан заңды негізде ұсталым жасауды бір-бірінен ажырату қажет екенін атап өтті.
ҚР Еңбек кодексінің 115-бабында жалақыдан ұсталым жасауға болатын жағдайлар нақты көрсетілген. Ал заңда көзделген кейбір өзге жағдайларда ұсталым қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жүргізіледі.
Осылайша, жұмыс беруші еңбек тәртібін бұзғаны үшін заңда белгіленген тәртіптік жазаларды ақшалай айыппұлмен алмастыра алмайды. Еңбек заңнамасының талаптарын сақтау жұмыс берушіге де, қызметкерге де міндетті.