Қызылорда тұрғыны бауырының бір топ адамның соққысына ұшырап, қаза тапқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, шабуылға 12 адам қатысуы мүмкін, алайда әзірге үш күдікті ғана ұсталған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Анастасия есімді Threads қолданушысы әлеуметтік желіде жазба жариялап, отбасында болған қайғылы оқиғаның мән-жайын баяндады.
Оның сөзінше, бауырына бірнеше адам жабылып, қатты соққы жасаған. Отбасына жеткен мәлімет бойынша, шабуылға 12 адам қатысқан болуы мүмкін. Сондай-ақ марқұмның жүрек тұсынан соққы алғаны айтылған.
Анастасияның мәліметінше, қазіргі уақытта үш күдікті ұсталған. Оның айтуынша, тергеу барысында марқұмды тек үш адам соққыға жыққан деген нұсқа қарастырылып жатыр. Алайда куәгерлер шабуылға қатысқандардың саны бұдан көп болғанын айтқан.
«Менің бір ғана сұрағым бар: егер куәгерлер шабуылға қатысқандардың саны бұдан көп болғанын айтып отырса, неге тергеу тек үш күдіктімен шектеліп отыр? Мен 12 адамның бәрі бірдей дәрежеде кінәлі деп отырған жоқпын. Бірақ әрқайсысының әрекеті мұқият тексеріліп, куәгерлердің сөздері ескерілуін талап етемін», – деп жазды ол.
Қызылорда облысының полиция департаменті аталған ақпаратты растаған. Оқиғаның өзге мән-жайлары мен тергеудің қазіргі барысы туралы әзірге толық мәлімет жарияланған жоқ.
Қызылорда облысының полиция департаментінің мәліметінше, қала тұрғынын өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Іс бойынша алынған барлық бейнежазба зерделенді. Оқиғаға басқа адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Іс бойынша әрбір адамның рөлі мен қатысу деңгейіне тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды», – делінген полиция хабарламасында.
Ведомство өкілдері тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қызылордада 14 жастағы жасөспірімнің қатарласының қолынан қаза тапқаны хабарланған еді.