Қостанайда жергілікті тұрғыннан 17 миллион теңге талап етіп, күш қолданумен қорқытқан екі ер адам ұсталды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер бұған дейін де сотталған. Тергеу нұсқасы бойынша, олар қыркүйек айынан бастап жергілікті тұрғыннан 17 миллион теңге талап еткен. Ақшаны беруге мәжбүрлеу үшін жәбірленушіні ұрып-соғатынын және онымен физикалық тұрғыда есеп айырысатынын айтып қорқытқан.
28 қазанда күдіктілерді Ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлері «Орёл» арнайы жасағымен бірлесіп ұстаған.
Тінту кезінде не табылды?
Полицейлер тінту барысында 4,4 миллион теңге, Kia Sportage автокөлігі мен ұялы телефонды тәркілеген. Екі күдікті де тергеу изоляторына қамалған.
Аталған дерекке қатысты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған бопсалау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Күдіктілердің әрекетіне түпкілікті құқықтық бағаны сот береді.