Қызылордада 14 жастағы Нұрисламбек бұрауыштан алған жарақатынан көз жұмды. Қайғылы оқиғаға байланысты 13 жастағы жасөспірім күдікті ретінде ұсталды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға 21 қазанда Қызылорда қаласының орталық алаңында болған. Марқұм сол жерде балаларға арналған ойыншық көліктерді жалға беріп, табыс тапқан.
Туыстарының сөзінше, жасөспірімдер арасында клиентке қатысты келіспеушілік туындаған болуы мүмкін. Жанжал барысында күдікті Нұрисламбектің кеудесіне бұрауыш сұғып алған. Бала ауыр жарақаттанған.
Қайғылы жағдай болған кезде марқұмның анасы да алаңда жүрген. Жараланған Нұрисламбек анасына қарай бірнеше метр жүріп барып, құлап түскен. Алайда оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Полиция күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Аталған оқиға бойынша «Кәмелетке толмаған адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өліміне әкеп соғу» дерегімен қылмыстық іс қозғалған.