Компания басшылығы мен ұжымы қаза тапқан қызметкерлердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
– «Aktogai Milk» ЖШС-нің басшылығы мен ұжымы қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Кәсіпорын марқұмдардың отбасыларына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетеді, – деді Александр Терентьев.
Компания өкілдерінің айтуынша, кәсіпорын тергеу органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Оқиға бойынша тергеу жүргізілуде. Оның қорытындысы шыққаннан кейін кәсіпорын барлық қажетті шараларды қабылдайтынын мәлімдеді.
Еске салайық, қайғылы оқиға 20 шілдеде Ақтоғай ауданының Жоламан ауылында болды. Полицияның мәліметінше, оқиға салдарынан алты ер адам қаза тауып, тағы бір адам ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ашық мемлекеттік реестрлердегі мәліметке сәйкес, Aktogai Milk ЖШС-нің иесі – Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев. Кәсіпорынның басшысы ретінде Инна Владимировна Терентьева тіркелген. Ашық дереккөздердегі ақпарат бойынша, ол депутаттың жұбайы.