Мәзір

Қазақстан тарихындағы жалпыұлттық аза тұту күндері: 25 қыркүйек – 14-ші қаралы күн

Қазақстан тарихындағы жалпыұлттық аза тұту күндері: 25 қыркүйек – 14-ші қаралы күн Қазақстан тарихындағы жалпыұлттық аза тұту күндері: 25 қыркүйек – 14-ші қаралы күн
Фото: gov.kz

Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күндері ірі қайғылы оқиғалардан кейін жарияланып келеді. Шахтадағы апаттар, табиғи апаттар, әуе апаттары, қарулы шабуылдар, әскери оқиғалар мен пандемия – ел тарихындағы қаралы күндердің негізгі себептері. 2026 жылғы 25 қыркүйек Маңғыстау облысындағы әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Қызылағаштағы 2010 жылғы қайғылы оқиғаны да есепке алғанда, бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 14-ші жалпыұлттық аза тұту күні, деп хабарлайды buginmedia.kz.

2006 жылғы 20 қыркүйек – Ленин атындағы шахтадағы апат

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жалпыұлттық аза тұту күні 2006 жылғы 20 қыркүйекте жарияланды.

Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада метан жарылып, апат болды. Соның салдарынан 41 кенші қаза тапты.

2008 жылғы 11 қаңтар – Абай шахтасындағы апат

2008 жылғы 11 қаңтарда Қарағанды облысындағы Абай шахтасында метан жарылды.

Апат салдарынан 30 кенші қаза болды. Осы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

2010 жылғы 16 наурыз – Қызылағаштағы су тасқыны

2010 жылғы 11-12 наурызға қараған түні Алматы облысының Қызылағаш ауылында су қоймасы бөгеті бұзылып, елді мекендерді су басты.

Табиғи-техногендік апат салдарынан 43 адам қаза тапты. Қызылағаштағы оқиға Қазақстан тарихындағы ең ірі су апаттарының біріне айналды.

16 наурызда елде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

2012 жылғы 5 маусым – «Арқанкерген» оқиғасы

2012 жылғы 28 мамырда Алматы облысындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды.

Оқиға салдарынан 14 шекарашы мен бір қорықшы қаза тапты.

Осыған байланысты 5 маусым жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

2012 жылғы 25 желтоқсан – әскери ұшақ апаты

Сол жылдың соңында Қазақстанда тағы бір қаралы күн жарияланды.

2012 жылғы 25 желтоқсанда Шымкент маңында Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Борттағы 27 адамның барлығы қаза тапты.

Осы оқиғадан кейін 25 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні болды.

2013 жылғы 31 қаңтар – SCAT ұшағының апаты

2013 жылғы 29 қаңтарда Алматы маңында SCAT әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады.

Ұшақ бортындағы 21 адамның барлығы қаза тапты.

31 қаңтарда Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

2016 жылғы 9 маусым – Ақтөбедегі қарулы шабуыл

2016 жылғы 5 маусымда Ақтөбе қаласында террористік шабуыл болды. Қарулы адамдар «Паллада» және «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне, кейін Ұлттық ұланның №6655 әскери бөліміне шабуыл жасады. Шабуыл салдарынан сегіз адам қаза тапты. Қауіпсіздік күштері антитеррористік операция жүргізіп, оның барысында 18 шабуылшы залалсыздандырылды.

9 маусым қаза болғандарды еске алу күні ретінде белгіленді.

2019 жылғы 28 желтоқсан – Bek Air ұшағының апаты

2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы маңында Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады.

Апат салдарынан 12 адам қаза тапты, ондаған жолаушы зардап шекті.

Келесі күн – 28 желтоқсан Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болды.

2020 жылғы 13 шілде – коронавирус пандемиясы

2020 жылғы 13 шілдеде Қазақстанда COVID-19 пандемиясынан қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Бұл жолы қаралы күн белгілі бір апатқа емес, пандемия салдарынан болған адам өліміне байланысты белгіленді.

2021 жылғы 29 тамыз – Байзақтағы әскери қоймадағы жарылыс

2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында бірнеше жарылыс болды.

Оқиға кезінде әскери қызметшілер, құтқарушылар және басқа да азаматтар қаза тапты. Жалпы 18 адам көз жұмды.

29 тамыз Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

2022 жылғы 10 қаңтар – Қаңтар оқиғасы

2022 жылғы 10 қаңтар Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандарды еске алу күні ретінде белгіленді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 10 қаңтар жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

2023 жылғы 12 маусым – «Семей орманы» резерватындағы өрт

2023 жылғы маусымда Абай облысындағы «Семей орманы» резерватында ірі орман өрті болды.

Өртті сөндіру кезінде 14 орман қызметкері қаза тапты.

Осы қайғылы оқиғаға байланысты 12 маусым жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

2023 жылғы 29 қазан – Костенко шахтасындағы апат

Сол жылы Қазақстанда тағы бір ірі қайғылы оқиға болды. 2023 жылғы 28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болып, 46 кенші қаза тапты.

Келесі күн – 29 қазан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

2026 жылғы  25 қыркүйек – Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қаза болуы

2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы жағдай болды. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты әскери қызметшілер теңізге ағып кеткен. Әзірге 12 адамның қаза тапқаны белгілі болды. Іздестіру-құтқару жұмысы жүргізіліп жатыр.

Оқиғадан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 24 қыркүйектегі №334 өкімімен 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

14 қаралы күн

Осылайша, Қызылағаштағы 2010 жылғы оқиғаны да жалпыұлттық аза тұту күндерінің қатарына қосқанда, 2026 жылғы 25 қыркүйек – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 14-ші жалпыұлттық аза тұту күні.

Қазақстан тарихындағы бұл қаралы күндер ел басынан өткен ауыр оқиғаларды еске салып, қаза болған азаматтарды құрметтеудің белгісі ретінде жарияланған.

25 қыркүйек күні Қазақстанда Мемлекеттік Тулар төмен түсіріліп, бұқаралық және мәдени іс-шаралар тоқтатылды. Ел азаматтары Маңғыстауда қаза болған әскери қызметшілерді еске алып, олардың жақындарына көңіл айтты.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2