Мәзір
Бүгін, 17:00 / BuginMedia / Жаңалықтар

Қазақстандықтар енді жұмыс орнында жүріп те дауыс бере алады

Қазақстанда вахталық әдіспен еңбек ететін қызметкерлер мен үздіксіз өндіріс орындарында жұмыс істейтін азаматтар енді дауыс беруді жұмыс орнында жүзеге асыра алады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сараптамалық кеңестің VI отырысында белгілі болды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қазақстандықтар енді жұмыс орнында жүріп те дауыс бере алады Қазақстандықтар енді жұмыс орнында жүріп те дауыс бере алады
Фото: informburo.kz

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілованың мәлімдеуінше, жаңартылған сайлау заңнамасына вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар мен үздіксіз өндіріс орындарының қызметкерлері үшін жұмыс орындарында сайлау учаскелерін ашу мүмкіндігін қарастыратын жаңа норма енгізілді.

Оның айтуынша, бұл өзгеріс еңбек жағдайына байланысты сайлау учаскесіне баруы қиын азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.

«Заңнамадағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – вахталық әдіспен еңбек ететін қызметкерлер мен үздіксіз жұмыс істейтін өндірістері бар ұйымдардың жұмыскерлері үшін тікелей жұмыс орындарында сайлау учаскелерін құру мүмкіндігінің енгізілуі. Бұл түзетудің практикалық маңызы жоғары. Себебі дауыс беру күні мыңдаған азамат кен орындарында, өндірістік кәсіпорындарда және шалғай нысандарда жұмыс істейді. Мұндай жағдайда өндірістік процесті тоқтатпай немесе жұмыс орнын тастап кетпей, сайлау учаскесіне бару қиын болуы мүмкін. Жаңа нормалар осы азаматтардың жұмыс орындарында дауыс беруіне жағдай жасап, сайлауға қатысуға байланысты ұйымдастырушылық кедергілерді жояды. Нәтижесінде әрбір азаматтың еңбек жағдайына қарамастан сайлау құқығын тең дәрежеде жүзеге асыруына мүмкіндік беріледі», – деді Әсел Жанәбілова.

Сараптамалық кеңестің VI отырысында Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын өткізу барысында қолданылатын жаңа заңнамалық тетіктер де қаралды. Атап айтқанда, сайлау алдындағы үгітті реттеу, азаматтардың сайлау құқықтарын кеңейту және сайлау процесін қаржыландырудың ашықтығын арттыру мәселелері талқыланды.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Құрылтай депутаттарын сайлау науқанының 1 шілдеде басталғанын атап өтіп, комиссияның негізгі міндеті – сайлау процесін сапалы әрі белгіленген мерзімде ұйымдастыру екенін айтты.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2