Қазақстанда цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтарға арналған жеңілдетілген құқықтық режим әзірленеді. Үкімет бұл жұмысты жыл соңына дейін аяқтауы керек. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Президенттің айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні коммерцияландыру, активтерді токенизациялау, блокчейн технологиялары мен цифрлық платформаларды дамыту бағытындағы жұмыстарды енді бастап жатыр.
Мемлекет басшысы цифрландыруды экономиканың нақты салаларында тиімді пайдалануға арналған бағдарлама әзірлеу қажет екенін атап өтті. Қазір қазақстандықтар маркетплейстер, тамақ жеткізу және такси шақыру қызметтері мен мобильді банкингті күнделікті қолданады. Тоқаевтың сөзінше, бұл бағытта Қазақстан көптеген дамыған елден озып кеткен.
«Бірақ алға қарай ұмтылуымыз керек. Бізде шынымен жоғары өнімді цифрлық экономиканы дамытуға қуатты серпін беретін барлық мүмкіндік бар», – деді Президент.
Ол елде білімді жастар, қолжетімді интернет және қажетті цифрлық инфрақұрылым бар екенін айтты. Қазір азаматтар үйден шықпай-ақ бірнеше минут ішінде банк шотын ашып, бөліп төлеуді рәсімдеп немесе тауар сатып ала алады.
Алайда Мемлекет басшысы цифрландырудың келесі кезеңі қызметтерді онлайн ұсынумен ғана шектелмеуі керектігін жеткізді. Оның пікірінше, цифрлық технологиялар адамдардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, еңбек етуіне және жаңа өнімдер жасауына жол ашуы қажет.
«Біздің мақсатымыз – шын мәнінде халыққа арналған цифрлық экономиканы құру. Қоғамдық санада интернет тек тұтыну мен көңіл көтеру кеңістігі ретінде емес, жасампаздық пен еңбек етудің виртуалды аумағы ретінде қабылдануы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент смартфонды тек уақыт өткізу құралы емес, жұмыс істеуге және табыс табуға мүмкіндік беретін құрал ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет жыл соңына дейін цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтарға арналған жеңілдетілген құқықтық режим әзірлеуге тиіс.