Қазақстанда электр энергиясының шекті тарифтерін бекіту тәртібіне өзгерістер енгізілді. Тиісті түзетулер 2026 жылғы 25 маусымда Энергетика министрінің бұйрығымен қабылданып, құжат 13 шілдеден бастап күшіне енеді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, Энергетика министрлігі электр энергиясының шекті тарифтерін енді бірден бекітпейді. Алдымен жеті жылдық кезеңге арналған тарифтердің жобалары және оларға енгізілетін өзгерістер Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылады.
Айта кетейік, бұл өзгеріс тарифтердің қымбаттауын немесе жаңа тарифтердің енгізілуін тікелей білдірмейді. Ол тек тарифтерді бекіту рәсімінің тәртібін өзгертеді.
Енді шекті тарифтердің жобалары түпкілікті шешім қабылданар алдында қосымша сараптамадан өтеді. Содан кейін ғана уәкілетті орган оларды белгіленген тәртіппен бекітеді.