Мәзір

Қазақстанда АӘК алу тәртібі өзгереді: баспана, көлік пен депозит те есепке алынады

Қазақстанда АӘК алу тәртібі өзгереді: баспана, көлік пен депозит те есепке алынады Қазақстанда АӘК алу тәртібі өзгереді: баспана, көлік пен депозит те есепке алынады
Фото: Ridofranz/iStock

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындаудың жаңа талаптары күшіне енеді. Енді отбасының табысы ғана емес, жылжымайтын мүлкі, көлігі, банк салымдары, алған несиелері мен шоттарынан жұмсаған қаражаты да бағаланады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Өзгерістер Үкіметтің 2026 жылғы 19 қазандағы №931 қаулысында көзделген. Құжатта АӘК мөлшерін есептеу тәртібі, көмек беру шарттары және отбасы мемлекеттік қолдауға мұқтаж емес деген қорытынды шығаруға негіз болатын өлшемдер белгіленген. Қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Құжаттың толық мәтіні.

АӘК мөлшері қалай есептеледі?

Атаулы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен өңірде белгіленген кедейлік шегінің айырмасына қарай есептеледі. Яғни отбасының табысы кедейлік шегінен неғұрлым төмен болса, көмек мөлшері де осы айырмаға байланысты анықталады.

Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасының есепке алынатын айлық табысы 100 мың теңге делік. Бұл жағдайда әр отбасы мүшесіне 25 мың теңгеден келеді. Егер өңірдегі кедейлік шегі шартты түрде 40 мың теңге болса, айырма 15 мың теңгені құрайды. Оны төрт адамға көбейткенде, отбасыға айына 60 мың теңге көмек есептеледі.

Бұл — есептеу тәртібін түсіндіруге арналған шартты мысал. Нақты төлем отбасының есепке алынатын табысы мен өңірдегі кедейлік шегіне байланысты белгіленеді.

Кедейлік шегі тоқсан сайын есептеледі. Оны анықтаған кезде халықтың медианалық табысы мен мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктері ескеріледі.

АӘК-тің қандай түрлері бар?

Атаулы әлеуметтік көмек екі түрде беріледі: шартсыз және шартты ақшалай көмек.

Шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетті мүшелері жоқ немесе белгілі бір себептермен жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға арналған.

Оны, атап айтқанда, мына санаттар ала алады:

жалғыз тұратын, табысы төмен зейнеткерлер;

бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

екі айдан астам уақыт еңбекке уақытша жарамсыз болған азаматтар;

еңбекке қабілетті мүшесі жоқ отбасылар;

жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамға не күтімді қажет ететін қартқа қарайтын отбасылар.

Шартты ақшалай көмек еңбекке қабілетті мүшелері бар, табысы төмен отбасыларға беріледі. Мұндай жағдайда отбасы әлеуметтік келісімшарт жасасып, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және қажет болса, әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысуы керек.

Алайда бұл талаптан босатылатын санаттар да бар. Олардың қатарында бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, екі айдан астам уақытша еңбекке жарамсыз болған азаматтар және тұрақты жұмысы бар адамдар бар.

Сондай-ақ үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамға немесе 80 жастан асқан қартқа күтім жасайтын ата-ананың бірі жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысудан босатылады.

Қандай мүлік АӘК алуға кедергі болуы мүмкін?

Жаңа талаптарға сәйкес, отбасының табысы төмен болғаны көмек тағайындау үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Учаскелік комиссия отбасының мүлкін және материалдық жағдайын да тексереді.

Қаулыда көрсетілген өлшемдердің кемінде біреуі анықталса, комиссия отбасы АӘК-ке мұқтаж емес деген қорытынды шығара алады.

1. Бірнеше баспананың болуы

Отбасының бірден көп тұрғын үйі болса немесе соңғы бес жыл ішінде артық баспанасын сатқан болса, бұл жағдай ескеріледі.

Бірақ барлық тұрғын үйдің жалпы ауданы отбасының әр мүшесіне шаққанда 18 шаршы метрден аз болса немесе баспана апатты деп танылса, ерекшелік қарастырылған.

2. Коммерциялық жылжымайтын мүлік

Табыс табу үшін пайдаланылатын коммерциялық үй-жайдың болуы да отбасының материалдық жағдайын бағалауға негіз болады.

3. Жер телімі

Дайын баспанасы бар отбасының жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімі болса, бұл да есепке алынады. Әкімдік тегін берген жер телімі аталған өлшемге кірмейді.

4. Бірнеше көліктің болуы

Отбасының жарамды күйдегі бірден көп жеңіл автокөлігі болса, бұл көмек тағайындауға әсер етуі мүмкін.

Көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адам не мүгедектігі бар бала тұратын отбасыларға екі көлікке дейін иеленуге рұқсат етіледі.

Бұдан бөлек, жарамды күйдегі жүк көлігі, автобус, шағын автобус, ауыл шаруашылығы немесе арнайы техника, су және әуе көлігінің болуы да ескеріледі.

Банк шоттары, несие және депозит қалай тексеріледі?

Отбасының қаржылық жағдайын бағалау кезінде өтініш берер алдындағы тоқсандағы шығындары мен алған қарыздары есепке алынады.

Банк карталары мен шоттарынан жұмсалған қаражат. Егер отбасының шоттарынан жұмсалған ақшаның орташа айлық мөлшері әр адамға шаққанда кедейлік шегінен асып кетсе, бұл АӘК тағайындамауға негіз болуы мүмкін.

Есептеу кезінде салықтар, бюджетке төленетін міндетті төлемдер, сақтандыру төлемдері және отбасы мүшелерінің өзара аударымдары есепке алынбайды.

Банктік қарыздар мен микрокредиттер. Өтініш берілгенге дейінгі тоқсанда алынған банктік қарыздар мен микрокредиттердің жиынтық сомасы отбасының әр мүшесіне айына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен асса, бұл да ескеріледі. Ипотекалық қарыз бұл талапқа кірмейді.

Банк салымдары мен депозиттер. Отбасының жинақ салымдары мен депозиттері 200 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асса, бұл материалдық жағдайды бағалау кезінде назарға алынады. Тұрғын үй құрылыс жинақтары аталған есепке қосылмайды.

200 АЕК-тің теңгедегі мөлшері тиісті жылға белгіленген көрсеткішке байланысты болады.

АӘК алу үшін қандай келісім қажет?

Көмекке өтініш берген адам отбасы мүшелерінің материалдық жағдайын тексеруге қажетті мәліметтерді алуға келісім беруі керек. Оған жеке деректер, банк құпиясына жататын ақпарат және кредиттік бюродағы мәліметтер кіреді.

Атап айтқанда, отбасының шоттары, жинақтары, несие бойынша ай сайынғы төлемдері, мерзімі өткен берешегі мен қарыз қалдығы туралы деректер тексерілуі мүмкін. Келісім берілмесе, АӘК тағайындалмайды.

Учаскелік комиссия отбасының жағдайын бағалап, көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды шығарады. Ал АӘК тағайындау немесе одан бас тарту жөніндегі шешімді уәкілетті орган қабылдайды.

Осылайша, 2027 жылдан бастап АӘК тағайындағанда отбасының табысымен бірге мүлкі мен қаржылық операциялары да ескеріледі. Дегенмен аталған өлшемдердің бірі анықталғаны көмектен автоматты түрде бас тартылатынын білдірмейді: отбасының нақты жағдайы комиссия қорытындысы негізінде бағаланады.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2