Мәслихаттар депутаттарының сайлауы
Мәзір

1 млн доллар ұтқан ер адам бір күннен кейін жұмбақ жағдайда қайтыс болды

1 млн доллар ұтқан ер адам бір күннен кейін жұмбақ жағдайда қайтыс болды 1 млн доллар ұтқан ер адам бір күннен кейін жұмбақ жағдайда қайтыс болды
ашық дереккөз

АҚШ-та лотереядан 1 миллион доллар ұтқан ер адам көп ұзамай жұмбақ жағдайда көз жұмды. Алғашында дәрігерлер оның өлімін жүрек ауруымен байланыстырған. Алайда туыстары күмәнданып, істі қайта тексеруді талап еткеннен кейін марқұмның ағзасынан адам өлтіруге жететін мөлшерде цианид табылды. Содан кейін оқиға кісі өлтіру дерегі ретінде тергеле бастады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бұл оқиға 2012 жылы Чикагода болған. Марқұмның есімі – Урудж Хан. Ол 46 жаста еді, бірнеше химиялық тазалау кәсібін жүргізген.

Хан маусым айында 7-Eleven дүкенінен лотерея билетін сатып алып, 1 миллион доллар ұтып алғанын білген. Қуаныштан дүкен қызметкерінің қолын сүйіп, оған 100 доллар берген. Кейін ұтыс рәсімінде ақшаның бір бөлігін кәсібін дамытуға, қалғанын балалар ауруханасына аударуға ниетті екенін айтқан.

Миллионер ұтысты бөліп алудың орнына бірден төленетін нұсқаны таңдаған. Салықты есептегеннен кейін оған шамамен 425 мың доллар тиесілі болған.

Бір күннен кейін не болды?

2012 жылғы 19 шілдеде оған ұтыстың ақшасына арналған чек рәсімделген. Ал келесі күні, 20 шілдеде, Урудж Хан қайтыс болды.

Сол күні кешкі ас ішіп, ұйықтауға жатқан ер адам түнде кенеттен өзін жайсыз сезінген. Отбасы мүшелері оның айқайлаған дауысын естіп, көмекке келген. Алайда ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Алғашқы медициналық тексеріс кезінде денесінде жарақат белгілері анықталмаған. Сондықтан өлімі жүрек тамырларының ауруымен байланысты деп тіркелген. Мәйітке толық сараптама да жасалмаған.

Миллионерді кім улады?

Оқиғаның күмәнді тұсы осыдан кейін басталды. Марқұмның туыстары оның аяқ астынан қайтыс болғанына сенбей, өлім себебін қайта тексеруді талап етті.

Қосымша токсикологиялық сараптама кезінде Ханның қанынан цианидтің өлімге әкелетін мөлшері табылды. 2013 жылдың қаңтарында медициналық сарапшы оның өлімін кісі өлтіру деп қайта жіктеді.

Осыдан кейін полиция қылмыстық тергеу бастады. Соттың рұқсатымен марқұмның денесі қайта қазылып алынып, қосымша сараптама жүргізілді. Бірақ дененің қатты бұзылуына байланысты цианидтің ағзаға қалай түскенін анықтау мүмкін болмады.

Мұраға талас басталды

Урудж Хан қайтыс болғаннан кейін оның миллиондық ұтысы мен мүлкіне қатысты туыстары арасында дау туындады. Бірінші некесінен туған қызы мен екінші әйелі Шабана Ансари мұраға байланысты соттасқан.

БАҚ мәліметінше, әйелі марқұмның ұтыс чегін қолма-қол ақшаға айналдыруға әрекеттенген. Алайда марқұмның ағасы қаржының қызына тиесілі үлесі сақталуы үшін сотқа жүгінген.

Кейін тараптар мұраға қатысты келісімге келген. Оның шарты бойынша, қызы ұтыс ақшасының үштен екісін, ал әйелі үштен бірін алған.

Алайда ең басты сұрақ жауапсыз қалды: Урудж Ханды кім улады?

2016 жылы Associated Press агенттігі істің әлі де жұмбақ күйінде қалғанын жазды. Тергеушілер кісі өлтіру дерегін анықтағанымен, қылмыскерді табу және цианидтің марқұмның ағзасына қалай түскенін дәлелдеу мүмкін болмаған.

Осылайша, 1 миллион доллар ұтып алған америкалықтың өлімі әлі күнге дейін көпшіліктің назарын аударған жұмбақ қылмыстардың бірі болып қалды.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2