Қазақстанда кейбір кәсіпкерлер нақты өндіріс орны болмаса да, отандық тауар өндіруші мәртебесін алып келген. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мұндай компаниялардың қалай жұмыс істегенін түсіндірді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қазақстанда кейбір кәсіпкерлер нақты өндіріс орны болмаса да, отандық тауар өндіруші мәртебесін алып келген. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мұндай компаниялардың қалай жұмыс істегенін түсіндірді
Министрдің айтуынша, бұрын кәсіпкерлерге қазақстандық өндіруші мәртебесін алу үшін нақты зауыт немесе өндірістік цехтың болуы міндетті болмаған.
Мәселен, кейбір компаниялар пәтер немесе басқа да шағын ғимаратты жалға алып, шетелден дайын өнім әкелген. Кейін оны Қазақстанда өндірілген тауар ретінде көрсеткен. Ал отандық өнімдегі жергілікті үлесті есептеу кезінде коммуналдық төлемдер, интернет пен жалақыға жұмсалған қаражатты қосқан. Осылайша, кәсіпорынның қазақстандық қамту көрсеткіші жасанды түрде өскен.
Ерсайын Нағаспаев Құрылтай депутаттарымен кездесуде мұндай жағдайлардың бұрын болғанын растады.
Қазір отандық өндірушілерді тексеру тәртібі өзгерген. Министрліктің басты талабы – кәсіпорында нақты өндірістік қуат, қажетті жабдықтар мен білікті мамандардың болуы.
Отандық өндірушілерді қалай тексереді?
Бұған дейін Қазақстанда кәсіпорындардың отандық өндіруші мәртебесін растау үшін СТ-KZ сертификаты мен индустриялық сертификат қолданылған. Алайда бұл жүйе нақты өндіріс бар-жоғын толық анықтауға мүмкіндік бермеген.
2026 жылдан бастап олардың орнына Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі енгізілді. Енді кәсіпорынның өндірістік мүмкіндігі цифрлық жүйе арқылы тексеріледі.
Тізілімге енген компаниялар мемлекеттік сатып алулар мен ұлттық компаниялардың сатып алуларында отандық өндірушілерге берілетін артықшылықтарды пайдалана алады.
Министрдің айтуынша, жаңа талаптар импорттық тауарды қазақстандық өнім ретінде көрсететін кәсіпорындарды анықтауға және өндірістің шынайы жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.