Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттарының санын айқындау тәртібіне өзгерістер енгізді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қаулыға сәйкес, Ақтөбе қалалық мәслихатындағы депутаттар саны 30, Таразда 28, Семейде 22 болып белгіленді. Сонымен қатар Алатау қалалық мәслихатына 11 депутат сайланады.
Аудандық мәслихаттар бойынша да өзгерістер бар. Алматы облысының Қарасай, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарындағы депутаттар саны 25-ке дейін белгіленді. Жамбыл ауданына 13, Абай облысының Үржар ауданына 11 депутат қарастырылған.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Күршім, Катонқарағай, Үлкен Нарын және Марқакөл аудандарында, Абай облысының Мақаншы және Жаңасемей аудандарында мәслихат депутаттарының саны 10 болып белгіленді.
Қаулыда мәслихат депутаттарының саны халық санына қарай есептелетіні көрсетілген. Облыстық мәслихаттарда халық саны 300 мың адамға дейін болса, 26 депутат қарастырылады. Астана мен республикалық маңызы бар қалаларда халық саны 1,1 миллион адамға дейін болған кезде 30 депутат белгіленеді. Халық саны әр 200 мың адамға артқан сайын депутаттар саны екі адамға көбейеді.
Қалалық мәслихаттарда халық саны 50 мың адамға дейін болса, 11 депутат сайланады. Әр 25 мың адамға артқан сайын депутаттар саны бір адамға көбейеді. Аудандық мәслихаттарда халық саны 15 мың адамға дейін болса, 10 депутат қарастырылады. Халық саны әр 15 мың адамға артқан сайын депутаттар саны бір адамға өседі.
Депутаттар саны сайлау тағайындалған күннен кешіктірілмей жарияланған ресми статистикалық деректер негізінде айқындалады.