Мәслихаттар депутаттарының сайлауы
Мәзір

Бала күтімі және көпбалалыларға берілетін жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді

Бала күтімі және көпбалалыларға берілетін жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді Бала күтімі және көпбалалыларға берілетін жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді
ашық дереккөз

Қазақстанда бала тууға, бала күтіміне, көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға арналған мемлекеттік жәрдемақыларды рәсімдеу мен төлеу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар өтініш қабылдау, құжаттарды толықтыру және әлеуметтік төлемдерді тоқтату тәртібін қамтиды,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Өзгерістерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекітті.

Құжаттағы қателерді түзетуге екі күн беріледі

18 қарашадан бастап жәрдемақы алуға өтініш берген азаматтарға құжаттарындағы қателерді түзетуге немесе жетіспейтін мәліметтерді толықтыруға екі жұмыс күні беріледі.

Осы кезеңде өтініш «цифрлық кезек парағына» тіркеледі. Құжаттарды қарау мерзімі уақытша тоқтатылғанымен, азаматтың өтініш берген бастапқы күні өзгермейді.

Егер өтініш беруші екі жұмыс күні ішінде қажетті түзетулерді енгізбесе немесе құжаттарды тапсырмаса, оған жәрдемақы тағайындаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.

Электронды үкімет порталы арқылы өтініш берген азамат қажетті мәліметтерді цифрлық жүйелерден өзі сұратып, өтінішке электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) қол қояды.

Бала күтіміне берілетін төлем қанша уақыт төленеді?

Бала күтіміне байланысты жәрдемақы бала туған күннен бастап бір жарым жасқа толғанға дейін беріледі.

Егер азамат бір жарым жасқа толмаған баланы асырап алса немесе оған қорғаншы болып тағайындалса, төлем сот шешімі заңды күшіне енген немесе қорғаншылық белгіленген күннен бастап есептеледі.

Шетел азаматтары мен қандастарға жәрдемақы бала туған күннен бастап тағайындалғанымен, төлем Қазақстанда тұрғылықты жері бойынша тіркелген күннен ерте басталмайды.

Ал наградталған аналарға арналған жәрдемақы өтініш берілген күннен бастап төленеді. Егер төлем проактивті форматта рәсімделсе, азаматқа жеке өтініш берудің қажеті жоқ.

Көпбалалы отбасылар да мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қажетті мәліметтер болған жағдайда кейбір құжаттарды өздері тапсырмай-ақ жәрдемақы рәсімдей алады.

Қандай жағдайда жәрдемақы тоқтатылады?

Жәрдемақы тағайындау үшін азамат жеке деректерін өңдеуге келісім беруі тиіс. Бұл талап банк құпиясына жататын мәліметтер мен кредиттік бюролардағы ақпаратты пайдалануға да қатысты.

Егер азамат мұндай келісім бермесе, оған жаңа жәрдемақы тағайындалмайды. Ал бұрын тағайындалған төлемдер уақытша тоқтатылады.

Сонымен қатар жәрдемақы мынадай жағдайларда төленбеуі мүмкін:

алушының банк шотында үш айдан астам уақыт бойы ақша операциялары жүргізілмесе;

азамат шетелге тұрақты тұруға көшсе;

алушы бас бостандығынан айырылса;

заңнамада көзделген басқа да негіздер туындаса.

Бұдан бөлек, Отбасының цифрлық картасындағы әл-ауқат деңгейі «А» немесе «В» санатына өзгерсе, жәрдемақы төлеу тоқтатылады.

Мұндай жағдайда төлем отбасы жаңа санатқа өткеннен кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады. Бұл туралы алушыға бір жұмыс күні ішінде хабарлама жіберіледі.

Тоқтатылған жәрдемақыны қайта рәсімдеуге болады

Егер төлемді тоқтатуға себеп болған жағдай жойылса, азамат жәрдемақыны қайта жалғастыру туралы өтініш бере алады.

Сондай-ақ алушы мемлекеттік төлемнен өз еркімен бас тартуға құқылы. Ол үшін жазбаша өтініш тапсыруы керек. Кейін қажеттілік туындаса, жәрдемақыны қайта тағайындауды сұрай алады.

Жаңа өзгерістердің басым бөлігі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2