Оның айтуынша, апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ұлттық құрылтай отырысында еліміздің болашағына тікелей ықпал ететін маңызды ұсыныстар көтерілген. Атап айтқанда, конституциялық және парламенттік реформаларға қатысты бірқатар нақты бастамалар жарияланды.
"Президент болашақ Парламенттің атауы, құрылымы мен өкілеттіктері жөнінде өз көзқарасын білдіріп, сондай-ақ қоғамдық-саяси және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Бұл бастамалардың қатарында Халық кеңесі мен вице-президент секілді жаңа институттар да бар. Осылайша, Ұлттық құрылтайда Әділетті Қазақстанның жаңа конституциялық негізі қалыптасты деуге толық негіз бар", - деді ол.
Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, құрылтайда көтерілген барлық ұсыныстар Президент Жарлығымен құрылған арнайы комиссияда жан-жақты қаралып, қажетті өзгерістер топтамасы әзірленеді. Кейін бұл құжат жалпыхалықтық референдумға ұсынылады.
"Бастамалардың түпкі мақсаты — «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сай келетін әділ әрі орнықты жаңа саяси жүйе құру. Бұл ретте Сенат депутаттары Мемлекет басшысының ел дамуы мен Тәуелсіздікті күшейтуге бағытталған бастамаларын жан-жақты қолдап, заңнамалық түзетулерді қажет ететін шешімдерді дер кезінде пысықтайды. Барлық мүдделі тараптармен бірлесе отырып, ел игілігі жолында жоғары деңгейде жұмыс жүргізіледі деп білемін", - деді Сенат төрағасы.