Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 17 жастағы оқушы қызға хабарласып, кездесуге шақырған 34 жастағы алғашқы әскери дайындық мұғаліміне қатысты тексеріс бастады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«АқЖайық» басылымының мәліметінше, оқиға Threads әлеуметтік желісіндегі жазбадан кейін белгілі болған. Жазба авторының айтуынша, мұғалім оның сіңлісінің телефон нөмірін сыныптасынан алып, қызға қайта-қайта хабарласып, кездесуге шақырған.
Автордың сөзінше, ер адам өз әрекетін «жай әзіл» деп түсіндіріп, барлығымен осылай сөйлесетінін айтқан. Оқушының ата-анасы мектеп басшылығына шағымданып, жағдайды ресми түрде тексеруді талап еткен.
мектеп әкімшілігі бұл жағдайға байланысты тексеріс бастаған.
«Оқушыларды қорғау жөніндегі қолданыстағы саясатқа сәйкес мектептің қауіпсіздік қызметі жарияланымда көрсетілген мән-жайларды қарауды бастады. Жағдай басшылықтың бақылауында», – деп хабарлады Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі.
Мектеп өкілдері тексеріс нәтижесіне қарай заңнама мен ішкі ережелерге сәйкес тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.