Кения астанасы Найробиде салынып жатқан көпқабатты ғимарат опырылып құлады. Оқиға 23 қазанда қаланың Истли ауданында болған. Үйінді астында адамдар қалуы мүмкін, деп жазады The Star, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға 23 қазан, жұма күні Найробидегі сауда орындары көп шоғырланған Истли ауданында болған. БАҚ мәліметінше, опырылған ғимараттың биіктігі туралы ақпарат әртүрлі: кейбір басылымдар оны 18 қабатты десе, өзгелері 12 қабатты нысан деп хабарлаған. Ғимараттың нақты қабат саны әзірге нақтыланбаған.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметтері келіп, үйінділерді аршу және зардап шеккен болуы мүмкін адамдарды іздеу жұмыстарына кірісті. Құтқару операциясына арнайы техника тартылды.
Найроби әкімшілігінің мәліметінше, ғимараттың құрылысы әлі аяқталмағанымен, оның бірінші қабаты пайдаланылып келген.
«Құтқару топтары жағдайды бағалап, үйінді астында адамдар болуы мүмкін деген хабарларға байланысты іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деп мәлімдеді жергілікті билік.
Оқиға орнына көптеген тұрғын мен өтіп бара жатқан адамдар жиналған. Адамдардың көптігінен жақын маңдағы көшелерде көлік қозғалысы іс жүзінде тоқтап қалған. Құтқарушылардың үйінділерге кедергісіз жетуін қамтамасыз ету және жиналған жұртты тарату үшін полиция көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болған.
Оқиға орнына Найроби губернаторы Джонсон Сакая да қалалық әкімдік өкілдерімен бірге барды.
Үйінді астында қалуы мүмкін адамдардың нақты саны әзірге белгісіз. Ғимараттың опырылу себебі де анықталған жоқ.
Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.