Мәзір
26 мамыр, 2025 / BuginMedia / Жаңалықтар

Шерзат ісіндегі адвокат істен шеттетілгенін айтып, күтпеген мәлімдеме жасады

Шерзат Болаттың өліміне қатысты Талдықорғанда өтіп жатқан сот процесінде жәбірленуші тараптың мүддесін қорғап жүрген адвокаттар тобының арасында келіспеушілік туындап, бірнеше қорғаушы істен шеттетілген Бұл туралы әлеуметтік желіде адвокат Бағдат Амандосұлы мәлім етті, деп хабарлайды buginmedia.kz Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.

Шерзат ісіндегі адвокат істен шеттетілгенін айтып, күтпеген мәлімдеме жасады Шерзат ісіндегі адвокат істен шеттетілгенін айтып, күтпеген мәлімдеме жасады
Фото: әлеуметтік желіден алынды

Оның сөзінше, қорғаушылар тобын басқарып отырған Мейірман Шекеевтің айналасындағы кей тұлғалар кәсіби емес, жеке амбицияға негізделген әрекетке жол берген.

"Осы іске үлкен жауапкершілікпен келдім. 10 жылдан бері түрлі сот процестеріне қатысып жүрген тәжірибелі қорғаушымын. Бұл істі де бар ынтаммен зерттеп, аптасына екі рет сот отырысына қатысып, қалған күндері дайындықпен айналыстым. Жәбірленуші тараптың мүддесін шын ниетпен қорғауға тырыстым. Бірақ бұл істі атақ үшін қолға алғандар менің жұмысым мен ниетіме кедергі келтірді", – дейді ол.

Бағдат Амандосұлы сот процесі – “шоу емес, адам тағдыры шешілетін маңызды алаң” екенін еске салып, әріптестерінің тарапынан жасалған қысымды кәсібилік емес, эго мен монополия деп бағалады.

"Сотта тек мен сөйлеуім керек, мен ғана сұхбат беремін, кім қарсы шықса – шеттетіледі» деген талаптар айтылды. Мұндай көзқарас пен әрекетке төзу мүмкін емес. Мен бұл іске біреудің имиджін көтеру үшін емес, шындықты табу үшін қатыстым", – дейді адвокат.

Бағдат Амандосұлының айтуынша, бұған дейін қорғаушылар Жандос Палманов пен Нұрболат Ибраев та шеттетілген.

"Халық маған сенім артты. Істен шеттетілгенім сол сенімді ақтай алмадым ба деген өкініш тудырады. Мен барымды салдым. Бірақ біреудің көлеңкесінде қалғым келмейді. Бұл қанды іс – хайп құралына айналмауы тиіс", – деп түйіндеді ол.

Адвокат өзін кімнің шеттеткенін нақты атамағанымен, әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды қорғаушылар тобының жетекшісі Мейірман Шекеевпен байланыстырып отыр.

Апта талқысында: