Өнерден қол үзіп, дін жолына бет бұрған әнші Рүстем Жүгінісовтің бұрынғы әйелі Айжан Қырықбай әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. Ол көпшіліктен өзін әншінің қазіргі отбасымен байланыстырмауды сұрап, бұрынғы жұбайымен арадағы қарым-қатынасына қатысты қауесеттерден шаршағанын жеткізді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Айжан Қырықбай әлеуметтік желідегі парақшасында Рүстем Жүгінісовпен біраз уақыт бұрын ажырасып кеткенін жазды. Сондай-ақ өзін әншінің әйелдерінің қатарына қоспауды өтінді.
«Бұрынғы жұбайым екеуміз ажырасып кеткенімізге біраз уақыт болды. Сондықтан мені ол кісімен байланыстырып, әйелдерінің қатарына қоспауларыңызды сұраймын! Сондай-ақ, “төрт баласымен тастап кетті” деген сөздерді жазбауларыңызды өтінемін. Кету – менің өз шешімім! Және бұл шешіміме өкінбеймін. Әркім өз адамымен бақытты болсын!» – деп жазды ол.
Бұрынғы жұбайы алдағы уақытта әншімен бірге түскен видеолар тараса, ондағы әйелдің өзі емес екенін жазды. Сондай-ақ әншінің жеке өміріне қатысты сұрақтардан шаршағанын айтты.
«Шынымды айтсам, осы әңгімеден шаршадым. Сондықтан осы тақырыпты біржола жабайықшы! Рүстем мен Айжан деген жұп енді жоқ!» – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін 23 жастағы қыз Рүстем Жүгінісовтің екінші әйелі болғанын айтқан еді. Сондай-ақ әншінің үшінші рет үйленгенін мәлімдеген.