Ұлыбританияда кәсіпкердің 5 миллион фунт стерлингке бағаланған жүк тасымалдау бизнесін тартып алу үшін бір отбасының бес мүшесі өлтірілген. Қылмыскерлер әкесін, анасын, әжесін және екі кішкентай баланы аямаған. Арада 20 жылдан астам уақыт өтсе де, екі сәбидің денесі әлі табылған жоқ, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға 2003 жылдың ақпанында Лондонның батысындағы Хаунслоу ауданында болған. Кәсіпкер Амарджит Чохан, оның 25 жастағы әйелі Нэнси, 18 айлық ұлы Девиндер, сегіз апталық сәбиі Равиндер және әйелінің анасы Чарджит Каур бір күнде із-түзсіз жоғалған.
Бастапқыда отбасының шетелге өз еркімен көшіп кеткені туралы ақпарат тараған. Алайда Нэнсидің Жаңа Зеландияда тұратын ағасы Онкар Верма туыстарының аяқ астынан жоғалып кетуіне күмәнданып, полицияға хабарласқан. Ол отбасының үйіне келгенде, таңғы ас аяқталмай қалғанын, балалардың ойыншықтары орнында жатқанын және отбасының жеке заттары үйде қалғанын байқаған.
Бизнесін тартып алу үшін тұзақ құрған
Тергеу барысында қылмыстың артында кәсіпкердің жүк тасымалдау компаниясын иемдену жоспары тұрғаны анықталды. Амарджит Чоханның Лондондағы CIBA Freight атты компаниясы болған. Кәсіпорын Африкадан жеміс-жидек пен көкөніс импорттаған.
Кеннет Реган есімді бұрын есірткі қылмысы үшін сотталған азамат компанияға қызығушылық танытқан. Ол кәсіпкерді бизнесін сатуға көндірмек болғанымен, сатып алуға ақшасы болмаған. Содан кейін компанияны заңсыз жолмен иемденуге шешім қабылдаған.
2003 жылғы 13 ақпанда Реган кәсіпкерді Стоунхендж маңында кездесуге шақырған. Алайда бұл кездесу тұзақ болып шыққан. Прокуратураның мәліметінше, Амарджит бірнеше күн бойы еркінен тыс ұсталып, компанияны басқа адамның атына өткізуге мәжбүрленген.
Кейін қылмыскерлер оның отбасын да өлтірген. Олар бес адамның Ұлыбританиядан өз еркімен кетіп қалғаны туралы жалған ақпарат таратып, іздерін жасыруға тырысқан.
Мәйіттерді теңізге лақтырған
Қылмыскерлер бастапқыда отбасы мүшелерінің денесін Девон графтығындағы жеке үйдің аумағына көмген. Алайда полиция күдігі күшейген соң, мәйіттерді қайта қазып алып, теңізге тастаған.
2003 жылдың сәуірінде Амарджиттің денесі Борнмут жағалауынан табылды. Сол жылдың шілдесінде әйелі Нэнсидің мәйіті, ал қарашада әйелдің анасы Чарджит Каурдың сүйегі Уайт аралы маңынан анықталды.
Ал екі кішкентай баланың денесі сол күйі табылмады.
Үш адам сотталды
2005 жылғы 1 шілдеде Лондондағы Олд-Бейли соты Кеннет Реган мен Уильям Хорнсиді бес адамды өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Екеуіне де өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ал үшінші айыпталушы Питер Рис Амарджит Чоханды өлтіруге қатысқаны және қылмыскерлерге көмектескені үшін сотталды. Бірақ ол отбасының қалған төрт мүшесін өлтірді деген айып бойынша ақталды.
Тергеу мәліметінше, қылмыскерлер компанияны есірткі тасымалдауға арналған бүркемелі кәсіпорын ретінде пайдалануды көздеген.
Бұл оқиғаның ең ауыр тұсы – пайда табу үшін тұтас бір әулеттің үш ұрпағының өмірі қиылғаны. Ал сегіз апталық және 18 айлық екі баланың тағдыры әлі күнге дейін белгісіз.