Ақмола облысында Астрахан аудандық мәслихатының төрағасы Мейрам Қожахметтің үйіне жасалған шабуылға қатысты қылмыстық іс қайта қаралады. Кассациялық сот үш сотталушыға шығарылған үкімнің күшін жойды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға 2025 жылғы 15 шілдеде болған. Үш ер адам түнде бетперде киіп, мәслихат төрағасының үйіне кірген. Олар үй иелеріне күш көрсетіп, аңшылық мылтықпен қорқыту арқылы ақша мен бағалы заттарды талап еткен. Кейін үйден ақша, зергерлік бұйымдар мен автокөлікті алып кеткен.
Бастапқыда күдіктілердің әрекеті тонау ретінде бағаланып, үшеуі осы бап бойынша сотталған. Алайда Бас прокуратура бұл шешіммен келіспеген. Ведомство шабуыл кезінде қарумен қорқыту болғандықтан, қылмысты қарақшылық деп саралау қажет екенін алға тартты.
Прокуратураның мәліметінше, жәбірленушілер қарумен төнген қауіпті өмірі мен денсаулығына нақты қатер ретінде қабылдаған. Ал қарудың техникалық жағдайы немесе оның атылған-атылмағаны туралы мәліметтің болмауы қарақшылық белгілерін жоққа шығармайды.
Бас прокуратураның кассациялық наразылығынан кейін сот бұрынғы үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді. Енді сотталушылардың әрекетіне құқықтық баға қайта беріледі.