Қазақстанда спутниктік интернет қызметін ұсынатын компаниялардың қатары кеңейеді. 2027 жылы ел нарығына Қытайдың Shanghai Spacecom Satellite Technology компаниясы мен америкалық Amazon LEO шығуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Министрдің айтуынша, қазір Қазақстанда OneWeb және Starlink спутниктік интернет операторлары жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта олардың қатарына тағы екі компания қосылады.
«Келесі жылы Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon LEO компанияларының Қазақстан нарығына шығуын күтіп отырмыз. Осылайша, Қазақстан Орталық Азияда төрт оператордың да жерүсті станцияларын орналастыратын алғашқы ел болады. Бұл ұлттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді», – деді Жаслан Мәдиев.
Министр спутниктік интернет әсіресе оптикалық талшықты желі тарту немесе мобильді байланыс орнату қиын ауылдар үшін маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, шалғай елді мекендерді интернетпен қамтуда спутниктік технологияның мүмкіндігі пайдаланылмақ.
Ұшақтар мен пойыздарға да интернет қосылады
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, спутниктік интернетті көлік саласында қолдану да кеңейіп келеді.
Қазір Air Astana әуе компаниясының бір ұшағы OneWeb спутниктік интернетіне қосылған. 2027 жылы мұндай жүйені тағы 20 ұшаққа орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ ҚТЖ-ның 1 500 жолаушылар вагонында Starlink спутниктік желісі арқылы Wi-Fi жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, биыл 10 танымал туристік нысан интернетке қосылған. Келесі жылы тағы 50 туристік орынға интернет жеткізу көзделген.
Министрдің мәліметінше, Қазақстандағы барлық шекаралық өткізу пункті оптикалық талшықты желі және спутниктік байланыс арқылы интернетпен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Қазақстанда спутниктік байланыс қызметін көрсететін операторларға жаңа талаптар енгізуді ұсынған. Оларға байланыс желілеріне қосылу нүктелерін құру және телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқару жүйесіне қосылу міндеттелмек. Сондай-ақ спутниктік желілерді шетелден басқаруға тыйым салу ұсынылған.