«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жаңа басшысы тағайындалды. Компанияны бұрынғы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев басқарады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Самұрық-Қазына» қорының басқармасы Ерсайын Нағаспаевты ҚТЖ басқарма төрағасы қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдаған.
Ол бұл қызметке Елжас Отышиевтің орнына келді. Еске салайық, 11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отышиевті ұстаған еді. 14 қарашада сот екеуін де қамауға алу туралы шешім шығарды. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Осылайша, Ерсайын Нағаспаев 2025 жылдың шілдесінен бері ҚТЖ-ны басқаратын үшінші тұлға атанды. Елжас Отышиев компанияны төрт айға да жетпейтін уақыт басқарды.
Ерсайын Нағаспаев туралы не белгілі?
Ерсайын Нағаспаев 1980 жылғы 28 шілдеде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2001 жылы Теміртау қаласы әкімінің аппаратында бастаған. Кейін Инвестициялар комитетінде, Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде жұмыс істеген.
Сондай-ақ Көлік және коммуникация министрлігінде, Ақтау теңіз сауда портында басшылық қызметтер атқарған. Шахтинск қаласының әкімі, Астана әкімінің орынбасары болған. 2014–2016 жылдары «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарған.
2021-2025 жылдары ҚТЖ-да басқарушы директор қызметін атқарған. Кейін Үкіметке ауысып, 2025 жылғы 28 ақпанда Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалған.
Алайда 2026 жылғы 24 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны министр қызметінен босатты. Сол күні оның ҚТЖ басшысы болғаны белгілі болды.
Айта кетейік, бұған дейін Президент ҚТЖ мен «Самұрық-Қазына» басшыларының ұсталуын квазимемлекеттік сектордағы ауқымды жемқорлықтың бар екенін көрсететін өте маңызды белгі деп бағалаған еді.
Депутат Наталья Годунова бұған дейін ҚТЖ-дағы сатып алулардың шамамен 70 пайызы конкурссыз өтетінін мәлімдеген.