Екі баланың анасы жұмбақ жағдайда жоғалып, үйінде «Қош бол. Балалар саған аманат» деген хат қалдырған. Күйеуі әйелін іздеген адамдай кейіп танытып, полицияға қайта-қайта хабарласқан. Алайда әйелдің алақанынан табылған шаш талшықтары мен қолжазба сараптамасы қылмыстың бетін ашуға көмектесті. Тергеуші Серік Ергешов осы ауыр істің мән-жайын баяндады., деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оның айтуынша, оқиға әйелдің күйеуі полицияға арызданғаннан басталған. Ер адам әйелінің үш күннен бері үйге оралмағанын, жұмысынан келгенде қоштасу хатын тапқанын айтып, көмек сұраған.
«Үш күн болды, әйелім үйге келмеді. Жұмыстан келсем, мына хатты қалдырып кетіпті. Қайда кеткенін білмеймін», – деген ол.
Хатта «Қош бол. Балалар саған аманат...» деген сөздер жазылған. Күйеуінің айтуынша, әйел жоғалар алдында екі баласын ата-әжесіне апарып, ұялы телефонын үйде қалдырған.
Полиция әйелдің туыстары мен таныстарынан сұрастырып, іздестіру жұмыстарын бастаған. Ата-анасымен сөйлесу кезінде оның отбасында қиындықтар болғаны анықталған. Әйелдің күйеуі құмар ойынға салынып, қарызға батқан. Қызы бірнеше рет ата-анасына мұңын шағып келген.
Алайда әйелдің анасы қоштасу хатын көргенде оның қызына тиесілі емес екенін айтқан.
«Бұл менің қызымның жазуы емес. Мен оның жазуын жақсы танимын», – деген анасы қызының бұрынғы дәптерлерін тергеушілерге берген. Хат пен дәптерлер қолжазба сараптамасына жіберілген.
Тергеушілер күдікке ілінген күйеуінің әрекеттерін де бақылаған. Ол полицияға күн сайын дерлік хабарласып, әйелінен жаңалық бар-жоғын сұраған. Бірақ көп ұзамай оны басқа әйелмен құшақтасып тұрған жерінен көрген. Бұған қоса, жоғалған әйелдің ата-анасы күйеу баласының үйді сатуға қойғанын хабарлаған.
Арада бір айға жуық уақыт өткенде қала сыртындағы тоғайдан әйелдің мәйіті табылған. Оның денесін жерге көміп кеткен, ал жыртқыш аңдар топырақты қазып, мәйіттің бір бөлігін сыртқа шығарып тастаған.
Оқиға орнын тексеру кезінде марқұмның алақанынан бірнеше тал шаш табылған. Тергеушілер әйелдің соңғы сәтінде қылмыскермен арпалысып, оның шашынан жұлып алған болуы мүмкін деген болжам жасаған.
Кейін сараптама нәтижелері күдікті күйеуіне қатысты күдікті күшейткен. Қоштасу хатын әйелдің өзі жазбағаны анықталса, марқұмның алақанынан табылған шаш талшықтары күйеуінен алынған үлгілермен сәйкес келген.
Дәлелдер ұсынылғаннан кейін ер адам әйелін өлтіргенін мойындаған.
«Сол күні үйге келгенде ақша үшін ұрысып қалдық. Қарыздарымды айтып, құмар ойынды тоқтатуды талап етті. Мен де ашуға булықтым. Арамызда жанжал шықты. Өзімді ұстай алмадым. Бір кезде әйелімді қылғындырып жатқанымды сездім. Есімді жиғанда ол қимылсыз жатыр екен», – деп түсіндірген ол.
Күйеуі әйелінің денесін қала сыртындағы тоғайға апарып көміп, үйіне өз еркімен кетіп қалғандай көрсететін жалған хат қалдырғанын айтқан.
Сот үкімімен ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал марқұмның екі баласын әке-шешесі қамқорлығына алған.
«Қызымыздан қалған көз ғой. Өз қызымызды қорғай алмадық. Енді оның балаларын қалай далаға тастаймыз?» – деген анасының сөзі тергеушінің есінде қалған.
Серік Ергешов бұл істің ең ауыр тұсы қылмыскер жазаланғанымен, балалардың анасын қайтара алмайтыны екенін айтады. Оның сөзінше, тергеу барысында қылмыстың бетін ашуға болады, бірақ қайғыдан зардап шеккен отбасының жарасын жазу мүмкін емес.